Тоқаев Қазақстанда «Атлетико Мадрид» футбол академиясы ашылатынын айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубының президенті Энрике Сересо Торресті қабылдады.
Кездесуде президентке Қазақстанда «Атлетико Мадрид» футбол академиясын ашу жобасы таныстырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев испаниялық клубтың футбол әлеміндегі беделі зор екенін атап өтіп, Қазақстанда спорттың осы түрін дамытуға және тәжірибе алмасуға қызығушылық танытқаны үшін Энрике Сересо Торреске алғыс білдірді.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда футболды дамытуға айрықша назар аударылады. Қазір еліміздегі спорт мектептерінде, футбол секцияларында 40 мыңға жуық бала жаттығады. Сондай-ақ инфрақұрылым жақсартылып, жаңа стадиондар салынуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев футболды дамытуға бағытталған бұл бастамаға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты, делінген Ақорда хабарламасында.
Академияда дарынды футболшыларды тәрбиелеумен қатар, оларды әлемдік футбол лигаларына шығару үшін үздік тәжірибелерді енгізуге, жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің біліктілігін арттыруға мән берілмек.
«Атлетико Мадрид» футбол академиясы Алматы облысы, Талғар қаласындағы «Akbulak» олимпиада орталығының базасында құрылмақ.
Кездесу соңында Энрике Сересо Торрес Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Атлетико Мадрид» ойыншыларының қолтаңбасы қойылған жейде сыйлаған.