Қазақстанда аудан әкімдерін тікелей сайлау тоқтатылды
Қазақстанда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау тәртібі өзгерді. Енді бұл лауазымдарға азаматтар тікелей дауыс бермейді.
Тиісті өзгерістер «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Сайлау туралы» заңдарға енгізілді.
Жаңа өзгеріске сәйкес, аудан әкімдері мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін енді облыс әкімдері тиісті мәслихаттың келісімімен тағайындайды. Сондай-ақ оларды қызметтен облыс әкімі немесе президент өз қалауы бойынша босата алады.
Ал ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәртібі бұрынғыдай сақталады.
Заңға енгізілген тағы бір жаңалық – әкімдер өздері басқаратын әкімшілік аумақта тұруға міндетті болады.
Еске салсақ, 2023 жылдың қарашасында Қазақстанда алғаш рет пилоттық режимде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өткен еді. Кейін бұл тәжірибені кезең-кезеңімен басқа өңірлерге де енгізу жоспарланған болатын.