Live

Қазақстанда әуе билеттері тағы қымбаттады

Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы тағы өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде айында әуе көлігі қызметінің құны маусыммен салыстырғанда 3 пайызға қымбаттаған.

Ұшақ

Бұл туралы ranking.kz жазды.

Әуе билеттерінің қымбаттауы жыл басынан бері іс жүзінде тоқтаған жоқ. Бағаның ең айтарлықтай өсуі көктемде байқалды. Наурызда әуе тасымалының айлық баға индексі бірден 7 пайызға, сәуірде тағы 5 пайызға өскен. Жазға қарай қымбаттау қарқыны біршама бәсеңдегенімен, жылдық есепте, яғни 2026 жылғы шілдені 2025 жылғы шілдемен салыстырғанда, әуе билеттерінің бағасы 11 пайызға өсті.

Билет бағасының қымбаттауына қарамастан, қазақстандықтар ұшақпен аз ұша бастаған жоқ. Статистика жолаушылардың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.

2020 жылы әуе компаниялары 6 млн адам тасымалдаса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 14 млн жолаушыға жеткен.

Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасты. Алғашқы алты айда жолаушылар саны тағы 3 пайызға өсіп, 7 млн адамға жетті. Ал жолаушылар айналымы жарты жылда 8 пайызға артып, 15 млрд жолаушы-шақырымды құрады.

Сарапшылар әуе тасымалдаушылары табысының негізгі бөлігі қайдан түсетінін де анықтаған. Компаниялар кірісінің 98 пайызы жүк емес, жолаушы тасымалынан түседі.

Бұл ретте әуе компанияларына негізгі табысты халықаралық рейстер әкеледі. Мәселен, өткен жылы жолаушылар тасымалынан түскен 960 млрд теңгенің 579 млрд теңгеден астамы немесе 60 пайызы халықаралық бағыттардың үлесіне тиесілі болды.

Ал ішкі рейстер әуе компанияларының жолаушы тасымалынан түсетін жалпы кірісінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз еткен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз