Қазақстанда діни-экстремистік идеяны жамылған 22 қылмыстық топ анықталды
Қазақстанда жыл басынан бері діни-экстремистік идеяларды жамылып қылмыстық әрекет жасаған 22 топтың қызметі тоқтатылды. Олардың құрамындағы 64 адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, аталған топтар бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі өткізумен айналысқан. Кейбірі қылмыс жасау үшін атыс қаруын заңсыз сақтаған.Қылмыстық топтар Алматы қаласында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен.
Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынының 7,5 млн теңгесін ұрлаған. Сот оларды 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырды.Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйелдің алаяқтыққа қатысты төрт эпизодқа қатысы анықталған. Оның әрекетінен келген шығын 2 млн теңгеден асқан. Сот әйелді 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Ал Павлодарда радикалды діни көзқарастағы тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасаған. Келтірілген шығын көлемі 8 млн теңгеден асқан. Ол 5 жылға сотталды.
Жалпы, ішкі істер органдары діни экстремизм идеологиясын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмысты анықтаған.
Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1,6 мыңнан астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді.
Полиция интернеттегі радикалды идеологияның таралуына қатысты қылмыстардың да жолын кесіп жатыр. Ақтөбеде әлеуметтік желі арқылы өзге дін өкілдеріне қатысты діни араздық қоздырған тұрғын 3 жыл 6 айға сотталды.
Тағы бір жағдайда Ақтөбеде зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлады деген радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталған. Сот оны терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Түркістан облысында халықаралық террористік ұйым – «Өзбекстан ислам қозғалысының» идеяларын интернетте белсенді таратқан адам 7 жылға сотталды.
ІІМ діни сенім қылмысты, зорлық-зомбылықты немесе діни араздықты ақтауға негіз бола алмайтынын атап өтті.