Қазақстанда құны 3 млрд доллар болатын жаңа дата-орталық салынады
GITEX AI халықаралық технологиялық форумы аясында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Dornan Engineering Group пен Ample Solutions Hong Kong (Turner Company) компанияларынан құралған халықаралық консорциуммен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында Қазақстан аумағында Tier III-Tier IV деңгейіндегі жоғары сенімді деректерді өңдеу орталығын (ДӨО) салу жобасын іске асыру көзделген. Нысанның жоспарлы қуаттылығы 50-ден 200 МВт-қа дейін жетеді. Қуаттылығы 200 МВт (Tier IV деңгейі) болатын дата-орталық құрылысына тартылатын инвестицияның болжамды көлемі 1,5-тен 3 миллиард АҚШ долларына дейінгі аралықта.
Жобаны энергиямен жабдықтаудың тұрақты тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қуаттылығы 250 МВт-қа дейінгі газ электр станциясын салу жоспарланған. Бұл нысанға салынатын инвестиция көлемі 200-ден 400 млн АҚШ долларына дейін бағалануда. Аталған жобаны Ample Solution Limited компаниясы жүзеге асыратын болады.
Қазіргі уақытта нысанның нақты орналасатын жері анықталмаған. Басымдық газ инфрақұрылымына жақын аумақтарға беріліп отыр, бұл энергия тиімділігін арттырып, орталықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сала министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуы, салыстырмалы түрде салқын климаты және қолжетімді электр энергиясы халықаралық деректер орталықтарын орналастыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.
Жобаны іске асыру елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, шетелдік инвестиция тартуға және Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі позициясын күшейтуге ықпал етеді.