Қазақстанда латын графикасына көшудің нақты мерзімі әлі белгіленген жоқ
Қазақстанда қазақ тілін латын графикасына көшірудің нақты мерзімі әлі белгіленген жоқ.
Қазір мамандар әліпби жобасы мен емле ережелерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл туралы 8 қыркүйекте үкіметтегі брифинг барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта латын графикасына негізделген әліпби жобасы мен орфографиялық ережелер жетілдіріліп жатыр. 2022 жылы лингвист ғалымдар Ұлттық құрылтайда әліпбидің жаңа жобасын ұсынды. Сол кезде бұл жобаны жетілдіру жөнінде тапсырма берілді», – деді Эльмира Асан.
Оның айтуынша, жұмысты аяқтау және жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу бойынша әзірге нақты мерзім жоқ.
«Жұмыс үкіметтің нақты тапсырмасы берілгенге дейін жетілдіріле береді», – деді министрлік өкілі.
Сонымен қатар ол латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі тиісті нормативтік-құқықтық құжаттармен ресми бекітілмей тұрып, латын қарпінің әртүрлі нұсқаларын қолдану негізсіз екенін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда латын әліпбиіне көшу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2018 жылғы мамырда білім берудің барлық деңгейін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру кестесі бекітілген еді.
Сол жоспар бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді латын графикасына көшіру көзделді. 2020 жылдан бастап мектепалды даярлық және бірінші сынып оқушыларын, сондай-ақ колледждер мен техникумдардың бірінші курс студенттерін латын графикасымен оқыту жоспарланған. Бакалавриат пен магистратураны 2021 жылдан, докторантураны 2022 жылдан жаңа әліпбиге көшіру қарастырылған еді.
Алайда 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылған латын әліпбиінде кемшіліктер бар екенін айтып, оны жетілдіруді тапсырды.
2020 жылғы қарашада президентке латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасы таныстырылды. Сол кезде Тоқаев халық арасында түсіндіру жұмыстарын бастауды тапсырған.
Ал 2022 жылғы маусымда президент қазақ тілінің емле ережелерін қайта қарауды тапсырып, латын әліпбиіне көшуге асықпау қажеттігін айтты.
2024 жылғы қыркүйекте Ғылым және жоғары білім министрлігі латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін әзірлеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлаған. Ол кезде мамандар әліпбиді сынақтан өткізу нәтижелеріне ғылыми талдау жүргізіп жатқан еді.
Осылайша, бастапқыда 2025 жылға дейін жүзеге асуы тиіс болған латын графикасына көшу жоспары кейінге шегерілген. Қазіргі таңда жаңа әліпбидің қашан бекітіліп, нақты қолданысқа енгізілетіні белгісіз.