Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:37, 02 Мамыр 2024

Қазақстандағы гидропоника: Өсімдікті суда өсіріп, өнім алу әдісі

гидропоника

Бүгінде агросаланың мәселелерін шешетін, әрі экологиялық тиімді технологиялар мен әдістер дамып келеді. Бұл – заман қажеттілігі.

Осындай жаңалықтардың бірі өндірісте құлаш жаймаса да, тиімділігімен жұрт назарына іліккен гидропоника саласы. Мамандығы экономист болғанымен, аталған саланы өз бетінше зерттеп, кейіннен кәсіби маманға айналған, тіпті өз патентін алған кәсіпкер Ерлан Бердібекұлы гидропониканың қыры мен сыры, маңыздылығы туралы ойын ортаға салды:

– Гидропоника жерді, топырақты қолданбайды. Бұл саланың басты мақсаты – суды үнемдеу. Біреу түсінер, біреу түсінбес, бірақ адамзаттың қазіргі басты мақсаты суды үнемдеу болуы керек. «Гидро» деп аты да айтып тұрғандай, өсімдікті дәстүрлі түрде жерде емес, суда өсіріп, өнім алу ісі. Топырақсыз қалай өнім өсіруге болады деп таңғалудың қажеті жоқ. Мұнда процесс физиологиялық ерітінділер қосылған жасанды ортада, қоректік заттардың судағы ерітіндісінде жүреді. Аталмыш ерітінділердің құрамы өсімдіктердің биологиялық қасиеттері мен қажеттіліктеріне қарай әртүрлі болады. Өсімдік тамыры сұйық ортада ауытқымай тұру үшін әртүрлі қиыршықтас, құм, қож сынды нәрселердің көмегіне жүгінуге болады. Және қажетті желдеткіштер мен сол секілді техникалар үздіксіз жұмыс істеп тұрады.

Жерден емес, су арқылы гидропоникада өнім өсірудің артықшылығы туралы айтар болсақ, мұндағы технология мен алгоритм өсімдіктерді бірқалыпты минералдық қоректендіру мүмкіндігін береді. Әрі бұл әдіспен өндірілетін көкөніс дақылдары топырақта өсірілетін дақылдарға қарағанда өнімдері ертерек піседі, жалпы өнімділігі де жоғары болады. Себебі өсімдік тікелей суда өскендіктен қажетті тірі органиканы тікелей судың құрамынан ала береді. Сол қажетті элементтерді өзіне сіңіру, жеу процесі жылдамырақ, жақсырақ жүреді. Қалыпты жағдайда өсімдікті табиғи түрде жерге ексек, оның тамыры топырақтан нәр алу үшін, су ішу үшін тереңдеп кете береді. Осылайша, негізгі күш-қуат тамырға кетіп қалады. Ал гидропоникада тамыр судан өсіп шығатындықтан, оның ұзаруға деген қажеттілігі нөлге тең. Яғни қандай өсімдік немесе көкөніс өсірсеңіз де, барлық дәрумен оның өз бойына барады. Дәл осы себептен, өнімді алу уақыты жылдамырақ, 30 пайызға ерте болады.

Ең бастысы, гидропоника ауыл шаруашылық сектордағы біраз мәселені шешіп бере алады, заманауи әдістер арқылы процесті айтарлықтай жеңілдетеді. Демек, ауыл шаруашылығына берер пайдасы өте көп. Артықшылығы сол, жыл он екі ай бойы жасыл жем-шөп өндіріп, малды қоректендіріп отыруға болады. Әрі тез арада-ақ. Осыдан келіп, жұт секілді жамандықтардан сақтанып, мал етінің құнарлығын арттыруға жол ашық. Гидропоникада өсірілген жасыл шөпте малға қажетті барлық қоректік заттар бар. Өйткені гидропоника әдісімен өскен шөпті жеген мал тез семіреді. Әрі түліктің сүтін де молайтады. Бұл негізі ауыл шаруашылығымен айналысатын қожалықтар үшін таптырмас әдіс. Мал жаятын жайылым болмаған кезде, жем-шөп жетпей қалғанда таптырмайтын жол.

Әрине, егер өз алдыма өнім өсірумен айналысамын десең, бастапқыда шығын айтарлықтай көп болады. Қоректік ерітінді жасап, оны жылыжайдағы өсімдікке беретін механизмдер мен құрал-жабдықтар қымбатқа түседі. Қолайлы ғимарат немесе жер табу, жылыжайда арнайы температура сақтап отыру қажет. Құрылғыларды орналастыру кезінде де кейбір қиындықтар туындап жатады. Әрі аппараттар мен техникалардың дені сырт елдерден келетіні тағы бар. Оларды алдырту да аз шаруа емес. Бұдан бөлек, тұқымды дұрыс таңдап үйрену керек. Мысалы, менің бір шәкіртім 400 келі өнім өсіріп, малын қыстан аман алып шықты. Жер қатып, жұт болғалы жатқанда бұл салаға өте үлкен көмек. Мал азығымен қатар, ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге де болады.

Гидропоника Қазақстанда дамып жатыр деп әзірше айта алмаймыз. Елімізде жобамен төрт-бес қана жылыжайлы зауыт бар. Әрі олардың бәрі голландтық технологиямен жұмыс істегендіктен, жабық, ешкімге ашып көрсетілмейді. Себебі бұл агромектепте оқытылмайды. Өзі істеп көріп, тәжірибеден өткізген, өнімін алып көз жеткізген, әбден машықтанған жеке тұлғалар білгенін үйретіп, кейбірі курс жасап та жүр. Алайда гидропониканың потенциалы әлі де толық танылмады. Мұны мемлекеттік деңгейде, институционалды деңгейде мән беріп, маңыз қойып, дамыту қажет. Ол үшін осы саланы дамытып жатқан елдермен тығыз байланыс жасап, өз технологиямызды жасауға, қолданысқа енгізуге тырысқанымыз жөн.

Өзім гидропониканы ютуб видеохостингінен қарап жүріп, әртүрлі тілде ақпарат іздеп, үздіксіз тәжірибе жасап жүріп, өз бетімше үйрендім. Бес жыл тұрақты ізденістің нәтижесінде барып өнім ала бастадық. Өзіміз жасап шығарып, патент алған биореактор арқылы органикалық өнімдер өндіріп, салат жапырағын өсіріп, өзімізді-өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Салат жапырағының сұранысы жақсы. Оны мейрамханалар мен ресторандар жиі қолданады. Себебі бұл өсімдік кез келген тағамның ажарын ашып, дәмін келтіреді. Одан бөлек, диетада жиі жүретіндер, салауатты өмір салтын ұстанатындар алады. Өйткені оның құрамында Р, С дәрумені және кальций, темір, йод, калий, мырыш, фосфор мен мыс секілді минералды заттар бар. Сонымен қатар көп кездесе бермейтін лактуцин деген зат кездеседі, ағзадағы холестеринді шығарады, қан айналымды реттеп, зат алмасуды жақсартады. Осы дәруменділігін сақтай отырып, сапалы өнім шығару үшін барымызды салып жатырмыз. Одан бөлек, қызанақ та алдық. Бұл жаңа бастамамыз керемет нәтиже берді, сондықтан келер жылдан бастап өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Енді бананға тәжірибе жасап жатырмыз. Ассортимент кеңейіп келеді. Биореакторымыздан бөлек, үрлемелі жылыжай жасадық, газбен фильтрлеу үлгісін жүзеге асырудамыз.

Бүгінде тек Қазақстанда емес, әлем елдерінде топырақ пен оның құнарлылығы мәселеге айналып отыр. Соңғы уақыттары өнімді тек химиялық тыңайтқыштармен алып жатыр десек те артық айтқандық емес. Осындай экологиялық таза өнімге сұраныс артып отырған уақытта гидропониканың өзектілігі де арта бермек. Егер осыны ұғынып, қолға алсақ, мақсатты түрде жұмыс істесек, судан өнім алудан Азия елдерінің ішінде алға шығуымыз да ғажап емес. Орталық Азияда лидер болуға мүмкіндік жоғары. Мемлекет бір гектардан асса ғана субсидия береді. Бірақ бұл әлі де аздау.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: