Қазақстандықтар некеге тұруға асықпайтын болған
Қазақстанда соңғы он жыл ішінде некені тіркеу көрсеткіші айтарлықтай төмендегені байқалады.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2015 жылы елде 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін азайған. Осылайша, он жыл ішінде некелесу саны шамамен 22 пайызға қысқарған.
Сонымен қатар, некелесу қарқынын көрсететін коэффициент те төмендеп, 1000 тұрғынға шаққанда 8,48-ден 5,69-ға дейін түскен.
Өңірлер бойынша ең жоғары некелесу деңгейі Астана қаласында тіркелсе, ең төмен көрсеткіш Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалған.
Сарапшылар бұл үрдісті демографиялық өзгерістермен, жастардың отбасын құруды кейінге қалдыруымен және урбанизация үдерісінің күшеюімен байланыстырып отыр.