Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:45, 17 Қараша 2023

Қазақстандықтарға Илон Маск интернетін пайдалануға тыйым салынды

Маск интернет
Фото: из открытых источников

Starlink-ті жеке мақсатта пайдалану Қазақстанда заңсыз. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің байланыс саласындағы бақылау басқармасының басшысы Диас Төлегенов айтты.

Министрлікте өткен брифингте журналистер қазақстандықтардың Starlink интернетін пайдалану мәселесін көтерді.Министрлік мұның заңсыз екенін мәлімдеді.

«Мұндай адамдар бар (үйлеріне Starlink орнататындар). Тиісті органдар анықтап жатыр. Өйткені қазіргі уақытта бұл заңнаманы бұзады, өйткені аталған интернет жүйесі қауіпсіздік талаптарына сай емес», - деді Диас Төлегенов.

Ол пилоттық жоба бойынша техникалық жұмыстар аяқталмайынша және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілмейінше, Маск интернетін қолдану заңсыз екенін хабарлады.

Демек қазақстандықтарға Starlink интернетін пайдаланғаны және таратқаны үшін айыппұл салынады.

«Сатып алған болса да, өзгертулер енгізгеннен кейін оны пайдалана алады.Өзгеріс енгізбес бұрын жеке тұлғаларға бірінші рет ескерту, ал одан кейін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады (2023 жылы 34 500 теңге – шамамен)», — деді Төлегенов.

Спикер қазақстандықтардың қалай тексерілетінін және мұндай жағдайлардың қалай анықталатынын нақтыламады.

Айта кетейік, Қазақстан ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін Илон Масктың SpaceX ғарыш компаниясына жүгінуге мәжбүр болды.  Биылғы қазан айында 10 ауылдағы мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы тестілік режимде кең жолақты интернетке қосылды.