Әлеумет

Қазақстанмен шекара маңында полицейлерге оқ атқан күдікті ұсталды

Қазақстанмен шекара маңында полицейлерге оқ атқан күдікті Сергей Басалаев Оренбург облысы аумағында ұсталды.

Сергей Басалаев

Тергеу нұсқасына сәйкес, 16 сәуір күні Ақкермановка кентінде полиция қызметкерлері  іздеу жарияланған  ер адамды ұстауға келген. Сол сәтте күдікті күштік құрылым өкілдеріне оқ жаудырып, кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Нәтижесінде бір полиция қызметкері қаза тауып, тағы үшеуі жараланған.

Оқиғадан кейін өңірде ауқымды іздестіру операциясы басталды. Күдіктінің көлігі Белошапка ауылы маңынан табылып, ал Сергей Басалаев 18 сәуір күні жасырынған жерінен шығып, трассаға жақындаған сәтте ұсталған.

Оған қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, мобилизация кезеңінде әскери бөлімді өз бетінше тастап кету, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қол сұғу, кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу фактілері бойынша айып тағылып отыр. Сот оны қамауға санкция берді.

Ресейлік БАҚ мәліметінше, күдікті жауап алу кезінде Калашников автоматының холостой (оқсыз) нұсқасын сатып алып, оны өз бетінше жауынгерлік қаруға айналдырғанын айтқан. Оның сөзінше, ол полиция қызметкерлері «үйіне басып кірді» деп есептеп, қару қолданған.

Аймақ билігінің мәліметінше, жараланған екі полицейдің жағдайы жақсарып, қанағаттанарлық деңгейге жақындаған, ал үшіншісінің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Қаза тапқан қызметкер – 28 жасқа енді толған аға лейтенант Никита Гнусин.

17 сәуірде күдіктінің Қазақстанда туғаны анықталды — ол бұрынғы Шымкент облысының Түлкібас ауданы тумасы екені хабарланды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз