«Қазаннан қақпақ кетсе...» Ұлттық қор қалай «көмекші бюджетке» айналды?
Біз осы уақытқа дейін «Ұлттық қор – болашақтың несібесі, қысылтаяң шақта іске қосылатын қауіпсіздік жастығы» деген сөздерді жиі естіп келдік. Ұлттық қорды көбейтудің екі жолын ұстандық. Біріншісі – мұнайдан түскен түсім. Бұл жолда қаржы ең әуелі Ұлттық қорға түседі. Содан кейін барып трансферт арқылы бюджетке кетеді. Екіншісі – инвестициялық кірісті арттыру.
Бұған дейін инвестициялық кірісті арттыру үшін 80/20 пайыз межесін ұстанғанбыз. Яғни Ұлттық қордағы қаражаттың 80 пайызы облигацияларға, қалған 20 пайызы акцияларға салынып келді. 2023 жылдан бері Үкіметке және Ұлттық банкке Ұлттық қорды басқару параметрін өзгерту тапсырылды. Содан бері Ұлттық қордың қаражатының 60 пайызы облигацияға, 30 пайызы акцияға, 5 пайызы алтынмен сақталып, қалған 5 пайыз баламалы қаржылық құралдарына бөлінетін болды. Бұл – Ұлттық қордың инвестициялық кірісін одан әрі өсіру үшін жасалған қадам. Ұлттық банк инвестициялық портфельді осылай әртараптандыру арқылы қордың кірісін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін өсіруге дәмелі. Қазір қорда 64 млрд долларға жуық қаражат жатыр.
Қордың «қақпағы» берік пе?
Енді осы 64 млрд долларға ие болу, қатаң бақылау және қордағы қаражатты одан әрі көбейту маңызды. Алайда күні кеше жасалған аудиторлардың тексеру қорытындысынан кейін «Ұлттық қордың «қақпағы» берік пе, қор қашанғы «көмекші бюджет» есебінде пайдаланылады?» деген сауалдар қайта қаузала бастады.
Жуырда ғана Әлихан Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата 2023-2024 жылдардағы Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына ауқымды тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Тексеру Ұлттық қордан нысаналы трансферт есебінде алынған 3,4 трлн теңгеге қаржыландырылған 3 мыңнан астам жобаны, сондай-ақ квазимемлекеттік секторға берілген 3,8 трлн теңге облигациялық қарызды қамтыған.
Бас аудитор Смайыловтың сөзінше, Ұлттық қор есебінен нәтижелі жобалармен бірге базалық дайындығы жеткіліксіз жобалар да қаржыландырылған. Кейбірінде жобалау-сметалық құжаттамасы, кейбірінде жер телімдері болмаған. Салдарынан 394 млрд теңгенің 500-ден астам жобасы тоқтатылған немесе басқа жобалармен ауыстырылған.
Палатаның мәліметіне сүйенсек, Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі басқа көзден қаржы тартуға мүмкіндігі бар жергілікті деңгейдегі әлеуметтік жобаларға бағытталып кеткен. Кей жағдайда қаражат аяқталып қойған жобаларға немесе нақты қажеттіліктен жоғары көлемде бөлінген. Кейде тіпті ауылдағы медициналық инфрақұрылымға арналған қаржы қалалық нысандарға бағытталған. Ал кей өңірлерде жабдық сатып алу көлемі жоспардан екі есеге дейін асып кеткен.
Аудиторлар облигациялық қаржыландыруды бақылау тетіктері де жеткіліксіз екенін айтып отыр. Соның салдарынан қайтарымы төмен жобаларды қаржыландыру, жеңілдікті қарыздарды мақсаттан тыс пайдалану жағдайлары тіркелген.
«2023-2024 жылдары Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілуіне жүргізілген тексеру нәтижесінде бірқатар қылмыстық іс тіркелді. Жұмыс тобы нысаналы трансферттерді тек толық дайындықтан өткен жобаларға бөлу, қаражаттың соңғы алушыға дейінгі қозғалысын бақылау және мақсатына сай пайдаланылмаған 64 млрд теңгені қайтару бойынша ұсыныстар енгізді», – дейді Жоғары Аудит палатасының өкілдері.
Палатаның мәліметі бойынша, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген облигациялық қарыздарды мерзімінен бұрын қайтару мәселесі де қарастырылып жатыр. Сондай-ақ аудиторлар Ұлттық қорға жауапты бірыңғай органның жоқтығын да жүйелі мәселе ретінде атады. Бұл қаражаттың тиімділігін толық бағалауға мүмкіндік бермей отырса керек. Қазіргі уақытта бұл функциялар Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Ұлттық банк арасында бөлінген.
Міне, осындай деректерді көргеннен кейін-ақ сала мамандары Ұлттық қорды «көмекші бюджет» есебінде жұмсауды доғару керектігін, қордың «қақпағын» мықтап бекітпесек, 2030 жылға дейін қорды 100 млрд долларға жеткізудің ауылы алыстайтынын айтып отыр.
Жоспар мықты болғанмен, көңіл күпті
Негізінде, жоспар бойынша Ұлттық қордың көлемі 2023 жылы 66,7 млрд долларға, 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд долларға дейін артуы керек болған. Бұл туралы әсіресе 2023 жылы Ұлттық экономика министрі болып тұрған тұсында Әлібек Қуантыров жиі айтатын. Көріп отырғанымыздай, қазір бұл жоспарды межелей алмадық. Тіпті соңғы кезде «2030 жылға дейін Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу» туралы да көп айтылмай кетті. Керісінше, салалық мамандар тарапынан «Үкімет пен Ұлттық банктің бұл мақсатқа жетпей қалуы да ықтимал» деген жорамалдары айтыла бастады. Қазірде ұлттық банктің жанталасып, инвестициялық қоржынды әртараптандыруы, Ұлттық қор қаражатын дамыған елдердің бағалы қағаздары мен акцияларына салуы қорды байыта қоярына сарапшылар күмәнмен қарайды. Олардың сөзінше, бұл – Ұлттық қорға уақытша ғана дем беретін құбылыс. Себебі Қазақстанда Ұлттық қор қаражатын басқаруға қатысты «оң қол және сол қол» синдромы қатты қалыптасып кеткен. Бұл ретте Ұлттық қорға қаражат түседі. Үкімет оны экономиканы дамыту мақсатында немесе бюджет тапшылығын жою мақсатында ала қояды. Мамандар осыдан барып «оң қол қаражатты салады, сол қол оны қайта алады» деген мысалды алға тартып отыр.

Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің ойынша, біз Ұлттық қорға бюджеттен артылған қаржыны ғана жинауымыз керек.
«Бізде мұнайдан түскен түсімнен бөлек, мұнай секторы ұйымдарының тура салықтары, корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы; пайдалы қазбаларды өндіру салығы; өнімді бөлу бойынша үлестер және тағы басқа салықтар да Ұлттық қорға жиналады. Содан барып бюджетке ақша жетпей жатса, сол жиналған қаржыны шетінен ала береміз. Ұлттық қорға мүлде тиіспейтіндей, жоғарыда аталған түсімдерді нақты есептеп алып, бюджетке бөлу керек. Сосын, артылғанын қайта алынбайтындай етіп Ұлттық қорға салып, сақтап отырған жөн. Шындап келгенде, бізде артылып жатқан қаражат та жоқ. Тек сырттан қарыз алып, дамыған елдердің қатарына қосылғымыз келеді. Үкіметке Ұлттық қор өзімізді бай сезіну үшін ғана керек тәрізді. Қазір «Ұлттық қорымыз бола тұра біз неліктен қарызға белшеден баттық?» деген сауал әркімді толғандырады. Болашақта Үкімет осы сауалдарға ел алдында ашық жауап беруге дайын болуы керек. Бұдан бөлек, Ұлттық қорды жекеменшік банктің қызметін атқарып жатқан Ұлттық банк басқармауы тиіс. Ол ешқандай логикаға сыймайды. Бұл қорды халықтың өзі қызғыштай қорып, әр тиынына дейін Үкімет халыққа нақты-нақты, әр тоқсан сайын Парламентке барып, есеп беріп отырғаны жөн», – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Қысылтаяңнан қалай шығамыз?
Экономика саясат институтының директоры, Қайырбек Арыстанбековтің пікіріне жүгінсек, біз Ұлттық қордың әу бастағы жоспарланған функциясының өзін дұрыс реттей алмай, адасып кеттік. Жоғарыда айтқанымыздай, біздің Ұлттық қордың екі стратегиялық функциясы бар. Біріншісі – қысылтаяң заманда тұрақтандыру үшін пайдалану. Екіншісі – келер ұрпақтың игілігіне қаражат жинақтау.
«Өкінішке қарай, осы екі функцияның өзін дұрыс ұстана алмай отырмыз», – дейді маман.
Экономистің сөзінше, Ұлттық қордың көбею жылдамдығын басқа елдермен салыстырсақ, өте төмен. Сондықтан ендігіде Ұлттық қордың қаражатын тұрақтандырғымыз келсе, алдымен банк секторының жұмысын реттеу керек.
«Біріншіден, банктерге отандық экономиканы қаржыландыру туралы қатаң талаптар қойылуы қажет. Екіншіден, Ұлттық қордан алынған қаражат көлеңкелі экономикаға да кетіп қалып жатыр. Бүгінде көлеңкелі экономика жалпы ішкі өнімнің 25-30 пайызына дейін жеткен. Бұл көлеңкелі экономикада тиісті салықтар алынбай жатқанын көрсетеді. Үшіншіден, Ұлттық қор қаражатының белгілі бір бөлігі шетелдік құнды қағаздар сатып алуға, акциялар мен облигацияларға салынады. Қордағы қаражатты құр жатқызбай, шетелдік облигацияларға салу әлемдік тәжірибеде бар дүние. Мұны экономикасы дамыған, өндірісі бекем, инвестициясы жолға қойылған елдер қолданады. Әйтсе де, қор қаражатын шетелдік компанияларға, облигацияларға салуды мен аса тиімді дей алмаймын. Себебі акциялар мен облигациялардың құны бірде түседі, бірде көтеріледі. Ондайда пайызы төмен болады. Ұлттық қор ақшасына қай шетелдік компанияның акциясын сатып алсақ, соларды байытып отырмыз деуге болады. Сондықтан қор ақшасын тек өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларға ғана бөлу керек. Бірақ ол қаражаттар валюта нарығына түспеуі керек, яғни бағаның көтерілуіне жол ашпауы қажет», – дейді Қайырбек Арыстанбеков.
Ұлттық қорсыз экономика өсе ме?
Жалпы, біздегі ең үлкен проблемалардың бірі – бюджет тапшылығы. Ұлттық қордың қаражаты сол тапшылыққа жамау болуы үшін жыл сайын алынады. Деректерге жүгінсек Ұлттық қордан республикалық бюджетке тапшылықты жабу үшін 2020-2025 жылдар аралығында шамамен 23,8 трлн теңге алынған. Бұл кезеңдегі трансферттердің динамикасы төмендегідей болды: 2020 жылы – 4,77 трлн теңге, 2021 жылы – 4,5 трлн теңге, 2022 жылы – 4,6 трлн теңге (кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді қоса алғанда), 2023 жылы – 5,3 трлн теңге (бұл соманың ішінде «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға бағытталған 1,3 трлн теңге де бар), 2024 жылы – 4,6-4,9 трлн теңге (жоспарланған және нақтыланған көрсеткіштер бойынша). Ал 2025 жылы бюджетке барлығы 5,3 трлн теңге алынған.
Экономист-сарапшы Сапарбай Жобаевтың сөзінше, бізде республикалық бюджет тапшылығы өте жоғары. Егер Ұлттық қор қаражаты болмаса, тапшылық бюджет кірісінің 40-45 пайызына дейін жетер еді.
«Әдетте тапшылық ЖІӨ-нің 3 пайызынан аспауы керек, ал бізде ол шамамен 10 пайызға дейін жетеді. Бұған дейін тіпті 30-40 пайыз деңгейінде болған, бірақ ол Ұлттық қор есебінен жабылып отырды», – дейді ол.
С.Жобаевтың айтуынша, жыл сайын Ұлттық қордан шамамен 5-6 трлн теңге алынады. Қор қаражаты доллармен есептеледі. Осы тәуелділікті азайту үшін жаңа салық реформасы да жүргізілді. Осыған байланысты биыл Ұлттық қордан шамамен 3 трлн теңге алу жоспарланып отыр. 2025 жылы салық реформасы жүргізілгенімен, сарапшы оны толық сәтті деп санамайды. Сондықтан бюджет тапшылығы әлі де жоғары.
«Экономика өсіп жатқанымен, проблема да аз емес. Себебі өсім негізінен бюджет инвестициялары арқылы қамтамасыз етіледі: жолдар, зауыттар, әлеуметтік нысандар – барлығы мемлекеттік қаржы есебінен жасалады. Тағы бір мәселе – теңгенің жағдайы. 2025 жылы доллар бағамы орта есеппен 525-530 теңге болды. 2026 жылдың қаңтарында импортты шектеу әсері байқалды. Ресейде де осындай жағдай болды: санкцияларға қарамастан, рубль нығайды. Бізде де дедолларизация саясаты жүріп жатыр, сондықтан доллар әлсіреп, теңге күшейді. Бір доллар шамамен 475 теңгеге дейін түсті. Бұл экспорттаушылар үшін тиімсіз. Мысалы, бұрын 1 млн долларлық өнімнен 525-530 млн теңге түссе, қазір 470-475 млн теңге ғана түседі. Сондықтан экспортты қолдау үшін ұлттық банк доллар бағамын шамамен 525-530 теңге деңгейінде тұрақтандыруы керек», – дейді маман.
Жалпы, салалық мамандардың пайымдауынша, Ұлттық қорға қол сала бермей, экономиканы өсіруге болады. Оның бірінші жолы – екінші деңгейлі банктерге қатысты талапты күшейткен жөн. Жекелеген банктер экономиканы өсіруге, отандық өндірісті қаржыландыруға ықпал етуі тиіс. Осыған байланысты заңда көрсетіп, талап ету керек.
Екінші, олигархтар басқаратын квазисекторды Ұлттық қор есебінен жарылқауды доғару керек. Ұлттық қор ақшасына ірі компаниялардың облигацияларын сатып алғанша, сол қаражатты нақты экономиканы өсіретін, бюджетке нақты табыс әкелетін салаларға, инновацияны, ғылымды дамытуға бағыттаған жөн.
Үшінші, Ұлттық қордың есебінің ашық болуы маңызды. Есеп – халық алдындағы сенім. Мысалы, Норвегияның GPFG қоры – халық меншігі, оны үкімет басқарып, парламент алдында есеп береді. Бұл қор жыл сайын 30 беттен асатын есебін жариялайды. Ал біз 30 жылдан асса да, Ұлттық қордың қаражатын тиімді басқаруды меңгере алмай келеміз.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ