«Қазмырыш» зауытындағы өрттен екі жұмысшының қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
«Қазмырыш» ЖШС-нің қорғасын зауытында болған өрт салдарынан екі жұмысшының қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу фактісі бойынша басталған.
«Оқиға орнына жедел-тергеу топтары жіберілді. Қазіргі уақытта болған жағдайдың мән-жайын анықтауға бағытталған шұғыл тергеу әрекеттері жүргізілуде. Полиция департаменті оқиғаны толық, жан-жақты және объективті зерттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.
Айта кетейік, 5 мамыр таңертең, Өскемендегі "Қазмырыш" зауытында жарылыс болып жеті адам зардап шекті. Оның екеуі қаза тапты. Қазір Өскемен ауруханасында ауыр жағдайда екі жұмысшы жатыр. Оның бірінің денесі 90 пайызға күйген. Дәрігерлер жұмысшының өмірі үшін күресіп жатқанын мәлімдеді.