«ҚазМұнайГазға» жаңа басшы тағайындалды
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Акционерлерінің жылдық жалпы жиналысының қорытындысы бойынша Асхат Ғалымұлы Хасенов ұлттық компанияның Басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.
Компания мәліметінше, Хасенов сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» Директорлар кеңесінің құрамына сайланған.
ҚМГ Акционерлерінің жылдық жалпы жиналысының шешімімен ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, делінген «ҚазМұнайГаз» мәлімдемесінде.
Асхат Хасенов еңбек жолын 2005 жылы «Торғай Петролеум» АҚ (Қызылорда қ.) мұнай және газ өндіру цехының 3-разрядтағы операторы болып бастаған.
2006 – 2010 жылдары «Мұнай және газ өнеркәсібінің бас диспетчерлік басқармасы» АҚ жетекші маман, бас маман, мұнай-газ кен орындарын игеру мониторингі бөлімінің бастығы, директордың орынбасары, департамент директоры, вице-президент болып жұмыс істеді.
2011 – 2019 жылдары еңбек жолын ҚР Мұнай және газ министрлігінде жалғастырып, Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің мемлекеттік инспекция және рұқсат беру басқармасын, кейін мұнай-химия және техникалық реттеу департаментін басқарды.
2019 – 2022 жылдары «KLPE» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
«ҚазМұнайГазға» тағайындалғанға дейін 2022 – 2024 жылдары аралығында ҚР энергетика вице-министрі болып қызмет етті. Бұл лауазымда жер қойнауын пайдалану және мұнай-газ химиясын дамыту мәселелеріне жетекшілік етті, сонымен бірге Көмірсутек кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияны басқарды.
Фото: «ҚазМұнайГаз»