«Қазцинк» зауытындағы апатқа қатысты жаңа деректер белгілі болды
Өскемен қаласындағы «Казцинк» ЖШС зауытында болған төтенше жағдайға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды.
Оқиға бүгін таңғы сағат 08:30 шамасында кәсіпорынның металлургиялық алаңындағы электролиз цехының балқыту бөлімінде тіркелген.
Ресми деректерге сәйкес, шаң ұстау құрылғысында жарылыс (хлопок) болып, артынша өрт шығып, ғимарат конструкцияларының бір бөлігі құлаған. Өрт аумағы шамамен 120 шаршы метрді, ал қирау аумағы 220 шаршы метрді құраған. Оқиға кезінде учаскеде 32 адам болған.
Компанияның мәліметінше, апат түтін сорғышты тазалау жұмыстары барысында болған. Салдарынан екі адам қаза тауып, тағы жеті адам түрлі жарақат алған. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр.
Қазіргі уақытта оқиға орнында құтқару қызметтері жұмысын жалғастырып жатыр. Үйінділерді аршу және апат салдарын жою шаралары жүргізілуде. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.
«Компания қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Марқұмдардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек те бар», – деп мәлімдеді «Казцинк» ЖШС.
Сонымен қатар қоршаған ортаға әсері де бағалануда. Алдын ала мәлімет бойынша, шаңның жергілікті деңгейде таралуы тіркелгенімен, зиянды заттардың шекті мөлшерінен асу фактісі анықталмаған.
Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы ауадағы зиянды заттар нормадан аспағанын хабарлап, осыған байланысты екінші ауысымдағы оқушылар үшін сабақтар штаттық режимде өтетінін мәлімдеді. Дегенмен кейбір ата-аналар балаларын үйде қалдыруды жөн көрген.
Ресми түсініктеме
Компанияның әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев оқиғаға қатысты былай деп мәлімдеді:
«Бүгін шамамен сағат 08:15-те металлургиялық пешке қызмет көрсету кезінде түтін сорғыш пен құбырда металлургиялық шаң жарылысы болды. Соның салдарынан ғимарат пен шатырдың бір бөлігі қирады. Қазіргі таңда екі адам қаза тапты, бес адам зардап шекті, олардың екеуі ауруханада жатыр. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз, барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Экологиялық жағдайға келсек, бұл – газ емес, металлургиялық шаңның таралуы. Тексеру нәтижесінде зиянды заттардың шекті мөлшерден асуы анықталған жоқ. Қазір аумақ қоршауға алынып, құтқарушылар жұмыс істеуде. Үйінділер тексеріліп жатыр. Алдын ала дерек бойынша, персонал толық есепте тұр. Оқиғаның нақты себебі тергеу нәтижесінде белгілі болады», – деді ол.