«Кемеңгер тұлғаның ұлы анасы»
Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Құлын биеден, ұлық анадан туады» дейді халқымыз.
Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өседі.Аналардың кең жүрегінен жаралған талантты ұлдар өз саласы бойынша әлемді мойындатты, өзгеше жетістіктерімен биік мінбелерден көрінді. Солардың бірі, бір өзі бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасы, қазақ драма театры мен киносының ең танымал тарланы, Алаштың ардақтысы! Ұлы дала ұлағатына лайық өнерімен, барша көрерменнің көңілінен шыққан дара таланты мен ерен еңбегінің арқасында оның есімі шебер актер, ойлы режиссер, қайраткер тұлға ретінде қазақ мәдениеті тарихының бетіне ғана емес, халқының жүрегіне жазылды. Өмірі өнерімен өрілген дарын иесі – Асанәлі Әшімов!
Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК-нің филиалы Анаға құрмет музейіне 10 жыл толуына орай, «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» бұрышының ашылу салтанаты өтті. Кездесуде тау тұлға Асанәлі Әшімовтың анасы Тәжіхан Сембіқызының портретін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан журналистер, суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Көркем академиясының академигі, журналист, суретші – Жанұзақ Мүсәпір музей қорына тарту етті. Мұнан соң көпшіліктің ыстық ықылас, қол шапалақтауымен Асанәлі Әшімов келген қонақтарға картина авторына ризашылығын білдіріп, өмір туралы, өнер туралы ішкі толғамдарымен бөлісті. Асанәлі Әшімов сомдаған әр образ қашанда сәтті шығады. Өйткені, көптеген сахналық қойылымдар мен кино әлемінде көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр..«Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген мақалды қаперге алған Асанәлі атамыз, бұл менің жеке жеңісім емес, бұл- менің өмірде де, өнерде де бірге жүрген достарымның, үзеңгілестерімнің де үлесі – деп ағынан жарылды.Актердің жары Бағдат Әшімова аты аңызға айналған талант иесінің анасы Тәжіхан ана туралы естеліктерімен бөлісіп, енесінің көзі болған жәдігерлерді музей меңгерушісі Гүлнар Бақытқалиқызына таьбыстады.
Кеш соңында Анаға құрмет музейінің негізін қалаған Бақыт Жатқанбайқызы:
- Сізді қазақ театр және кино өнерінің мэтрі деп мақтанышпен айтамыз. Жетісу жұртшылығының сізге деген ықыласы бөлек. Қайталанбас қолтаңбаңызды бағамдау, өнердегі баспалдақтарыңыз, өмірлік тәжірибеңіз қоғам үшін, кейінгі жас буын үшін аса қажет. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы зор деп есептеймін. Қазақ өнеріне қызмет ете беріңіз. Жасыңыз жүзге жетсін! – деп лебісізін білдірді.
Мұнан соң абыз ақсақалдың иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.Кездесу соңында жұртшылық Асанәлі ақсақалмен емін-еркін тілдесіп, қолтаңба алып, естелікке суретке түсті.
Ақерке Амантай
«Анаға құрмет» музейінің ғылыми қызметкері