Әлеумет

Кенияда Эбола вирусынан алғашқы адам қайтыс болды

Науқас Конгодан келген.

Эбола

Кенияда Бундибуджио вирусы қоздыратын Эбола безгегін жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі хабарлады.

Науқас – Конго Демократиялық Республикасында тұрған Кения азаматы. Ол Конгода бірнеше медициналық мекемеге жүгінген, кейін Найробиге ұшып келген.

Кения астанасына жеткен бойда науқас ауруханаға оқшауланды. Зертханалық талдаулар оның Бундибуджио вирусын жұқтырғанын растаған. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, науқас 5 қазанға қараған түні қайтыс болды.

Кения билігі науқаспен байланыста болған 28 адамды анықтады. Олардың арасында туыстары мен медицина қызметкерлері бар. Сонымен қатар науқас ұшып келген рейстегі 23 жолаушы мен экипаждың төрт мүшесі іздестіріліп жатыр.

Осылайша, Кения Эбола жағдайы расталған төртінші ел болды. Конго Демократиялық Республикасы қазір індеттің кезекті өршуімен күресіп жатыр. Эбола жұқтырғандар Уганда мен Францияда да анықталған. Угандадағы жағдайлардың басым бөлігі Конгоға сапармен байланысты болған.

Кения мамыр айынан бері Конго мен Угандадағы Эбола індетіне байланысты жоғары дайындық режимінде болған. Осы уақыт ішінде шамамен 5 мың медицина қызметкері Эболаның алдын алу және науқастарды емдеу әдістеріне үйретілген.

Тегтер: Эбола вирус
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз