Әлеумет

Кезексіз өтпек болған әйел шекарада жанжал шығарып, сотталды

Жамбыл аудандық соты бұзақылық ниетпен адамға күш қолданды деп айыпталған әйелге қатысты қылмыстық істі қарады.

сот

Оқиға 2026 жылдың мамыр айында Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Айша бибі» өткізу пунктінде болған. Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы отбасы мүшелерімен бірге Қырғызстаннан қайтып келе жатқан.

Іс материалдары бойынша, әйел мемлекеттік шекарадан кезексіз өтпек болған. Бұған кезекте тұрған әйелдердің бірі ескерту жасағаннан кейін олардың арасында сөзге келу орын алған.

Шекарадан өткен соң жәбірленуші болған оқиғаны ұялы телефонына түсіре бастаған. Осы кезде ол айыпталушының ұлының қолындағы телефонды қағып жіберген. Бұған ашуланған әйел жәбірленушіге жүгіріп барып, бетінен алақанымен ұрған.

Жанжалды оқиға куәгерлердің араласуымен тоқтатылған.

Сотта айыпталушының кінәсі тараптардың жауаптарымен, сараптама қорытындысымен және бейнежазбалармен дәлелденген.

Прокурор әйелге 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындауды сұраған. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, жәбірленушіден кешірім сұраған.

Өз кезегінде жәбірленуші өзіне бірнеше рет соққы жасалып, денсаулығына ауырлау зиян келтірілгенін мәлімдеген. Алайда сот бұл уәждер дәлелін таппағанын атап өтті. Сараптама қорытындысына сәйкес, әйелдің алған жарақаттары денсаулыққа зиян келтірмеген.

Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін мойындауын, өкінуін, бес кәмелетке толмаған баласының бар екенін, бұрын сотталмағанын және жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерген.

Сот үкімімен әйел кінәлі деп танылып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Сонымен қатар одан жәбірленушінің пайдасына 300 мың теңге моральдық өтемақы өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз