Киев облысында дрон соққысынан бес қабатты үйдің бір бөлігі қирады
Ресей әскері 21 қараша күні кешке Киев облысындағы Дымер елді мекеніне дронмен шабуыл жасаған.
Соққы салдарынан бес қабатты тұрғын үйдің бір кіреберісі толығымен қирап, үйінді астында адамдар қалуы мүмкін.
Алдын ала мәлімет бойынша, тоғыз тұрғын эвакуацияланып, тағы екі адам жараланған. Қазір оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Украина әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей әскері түн ішінде ел аумағына 186 дрон ұшырған. Олардың 161-і әуеде жойылған. Сонымен қатар 18 жерде соққы тіркелген. Бұл мәліметті әзірге тәуелсіз дереккөздер растаған жоқ.
Дрон шабуылдары Запорожье, Харьков және Чернигов облыстарында да тіркелген. Ал майдан шебіне жақын орналасқан Сумы мен Донецк облыстарында соққы салдарынан адамдар жараланған.