Әлеумет

Киев Ресейге қарсы дрон шабуылдарын күшейтетінін мәлімдеді

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге қысымды күшейту арқылы оны соғысты тоқтатуға мәжбүрлеуді көздейтін Украина Қауіпсіздік қызметінің (УҚҚ) 40 күндік арнайы операциясын мақұлдады.

Зеленский

Бұл туралы ол өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Зеленскийдің айтуынша, УҚҚ төрағасының міндетін уақытша атқарушы Евгений Хмара оған жүргізіліп жатқан арнайы операциялар, Ресейге қарсы қолданылып жатқан «алыс және орта қашықтықтағы санкциялар» деп аталатын шаралар, сондай-ақ УҚҚ-ның «Альфа» арнайы операциялар орталығының қызметі жөнінде есеп берген.

Украина билігі «алыс және орта қашықтықтағы санкциялар» дегенде Ресей аумағындағы әскери және энергетикалық нысандарға, соның ішінде Украина шекарасынан шалғай орналасқан өңірлер мен Ресей аннексиялаған Қырымдағы нысандарға дрондар арқылы жасалатын соққыларды меңзейді.

Зеленскийдің сөзінше, соңғы бірнеше айда УҚҚ әртүрлі дрондарды тиімді пайдалану арқылы майдандағы Украина қорғанысын күшейтуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген.

Сонымен қатар ол УҚҚ-ның «Альфа» арнайы операциялар орталығын Ресей армиясының жеке құрамына және әскери техникасына ең көп шығын келтірген бөлімшелердің бірі ретінде атады.

24 маусымда Зеленский Украинаға «Үлкен жетілік» (G7) елдерімен талқыланған қажетті құралдар берілсе, Ресейді бейбітшілікті таңдауға мәжбүрлей алатынын мәлімдеген еді.

Алайда ол серіктестермен нақты қандай көмек мәселесі талқыланғанын ашып айтқан жоқ.

Қырым мен Ресейдегі шабуылдар күшейіп жатыр

Соңғы уақытта Украина Ресей аннексиялаған Қырым түбегіндегі және Ресейдің бірқатар өңірлеріндегі әскери және энергетикалық инфрақұрылымдарға дрон шабуылдарын күшейтті.

25 маусымға қараған түні Украина дрондары Краснодар өлкесінің Красноармейск ауданындағы «Полтавская» мұнай базасына шабуыл жасады. Краснодар өлкесінің жедел штабының мәліметінше, дрон бөлшектерінің құлауы салдарынан нысанда өрт шыққан.

Аталған мұнай базасы Краснодар өлкесінің бір бөлігі мен Адыгея Республикасын жанармаймен қамтамасыз етеді.

Сол түні бірқатар Telegram арналары Қырымда да дрон шабуылдары болғанын хабарлады.

«Крымский ветер» арнасының мәліметінше, Балаклава және Таврия жылу электр станциялары нысанаға алынған. Сондай-ақ «Кача» әскери әуеайлағының маңында күшті жарылыс болған.

Хабарларға сәйкес, Симферополь, Ялта және Евпатория маңында дрон шабуылдарына байланысты электр энергиясы қысқа уақытқа өшкен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз