Киевке жасалған жаппай шабуылдан зардап шеккендер саны артты
24 мамырға қараған түні Киевке жасалған Ресей шабуылынан зардап шеккендер саны 87 адамға жетті. Олардың үшеуі – кәмелетке толмағандар. Тағы екі адам қаза тапқан.
Бұл туралы Украина Төтенше жағдайлар қызметі хабарлады. Украина президенті Владимир Зеленский де осы мәліметті растады.
Кейін Киев мэрі Виталий Кличко қалада жараланғандар саны 86 адам екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда ауруханаларда 21 адам ем қабылдап жатыр, олардың ішінде екі бала бар.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, психологтар 112 адамға көмек көрсеткен.
Шабуыл салдарынан азаматтық және әкімшілік инфрақұрылымның 49 нысаны зақымданған.
«Шевченко ауданында бес қабатты үйдің бір кіреберісі зымыран түсуінен қирады. Құтқарушылар екі әйелдің мәйітін үйінді астынан алып шықты», – делінген хабарламада.
Украина мәдениет министрі Татьяна Бережная бұл шабуылды соғыс басталғалы мәдени нысандарға ең көп зиян келтірген соққы деп атады.
Шабуыл кезінде Ұлттық көркем музей, «Чернобыль» ұлттық музейі, Ұлттық филармония, Ұлттық музыка академиясы, Ярослав Мудрый атындағы кітапхана, Киев операсы және бірнеше тарихи архитектуралық нысан зақымданған.
Сонымен қатар Украина үкіметі ғимараты, Сыртқы істер министрлігі, Албания елшісінің резиденциясы, сондай-ақ DW мен ARD неміс медиаларының Киевтегі кеңселері де бүлінген.
Украина Әуе күштерінің мәліметінше, Ресей әскері Украинаға 90 зымыран мен 600 дрон жіберген. Негізгі нысана Киев пен Киев облысындағы Бела Церковь қаласы болған.
Бела Церковь бағытына Ресей «Орешник» атты орта қашықтықтағы баллистикалық зымыранын қолданған. Бұл – соғыс басталғалы бері осы қарудың үшінші рет пайдаланылуы.
Ресей Қорғаныс министрлігі шабуыл кезінде «Орешниктен» бөлек «Искандер», «Кинжал» және «Циркон» зымырандары қолданылғанын мәлімдеді.
Ал Киев облыстық әскери әкімшілігі Бела Церковь қаласында гараж кооперативі мен бір кәсіпорын ғимараты зақымданғанын хабарлады.