Киевте шерушілер Зеленскийге петиция тапсырды
Украина астанасы Киевте және елдің бірқатар қаласында жүздеген адам бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоровты қызметіне қайтаруды талап етіп, қайтадан көшеге шықты. Шерушілер президент Владимир Зеленскийдің соңғы кадрлық шешімдерін де сынға алды.
16 тамыз, жексенбі күні Киевте Михаил Федоровты Украина қорғаныс министрі қызметіне қайта тағайындауды талап еткен жаппай акциялар жалғасты. Украина БАҚ-тарының мәліметінше, мұндай наразылық акциялары қатарынан 32 күн бойы өтіп келеді.
«Интерфакс-Украина» агенттігі бұл шараны «қорғаныс саласындағы диалог пен реформаларды қолдау акциясы» деп атады.
Шерушілер Киев орталығындағы Украина халқының Азаттық аркасы маңына жиналды. Одан кейін олар Крещатик, Аспан жүздігі батырлары аллеясы және Ольгинская көшесімен жүріп өтті.
Акция соңында президент кеңсесінің ғимаратына жақын Иван Франко алаңында митинг ұйымдастырылды. Oboz.ua басылымының хабарлауынша, шерушілер легі астананың орталық көшелерімен бірнеше жүз метрге созылған.
Шерушілер не талап етіп жатыр?
Журналистердің жазуынша, акцияға әртүрлі жастағы азаматтар қатысқанымен, олардың басым бөлігін жастар құраған.
Шерушілердің негізгі талабы – Михаил Федоровты Украина қорғаныс министрі қызметіне қайтару.
Сонымен қатар акцияға қатысушылар президент Владимир Зеленскийдің соңғы кадрлық шешімдеріне де наразылық білдірді.
Атап айтқанда, олар бұрынғы қорғаныс министрі Рустем Умеровтың Украинаның Сыртқы барлау қызметінің басшысы болып тағайындалуын, сондай-ақ Николаев облыстық әскери әкімшілігінің бұрынғы басшысы Виталий Кимнің Украина ардагерлер істері министрі қызметіне тағайындалуын сынға алды.
Наразылық акцияларында Федоровты қолдайтын, үкіметті қоғаммен ашық диалог жүргізуге және елдің еуропалық бағытынан айнымауға шақыратын ұрандар айтылды.
Наразылық акциялары басқа қалаларда да өтті
Украинаның NV басылымының мәліметінше, мұндай акциялар тек Киевпен шектелмеген.
Федоровты қолдаған шерулер Львов, Днепр, Луцк, Ровно, Полтава, Одесса, Винница, Хмельницкий және Черновцы қалаларында да ұйымдастырылған.
Ал Киевте акцияға қатысушылар президент кеңсесінің өкіліне Владимир Зеленскийдің атына жазылған петицияны тапсырды.
Украина БАҚ-тарының мәліметінше, құжатта Михаил Федоров қорғаныс министрі болған кезде басталған реформаларды жалғастыру және ел басшылығын қоғаммен кеңірек диалог орнатуға шақыру туралы талаптар жазылған.
«Украинская правда» басылымының хабарлауынша, наразылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі, соғыс ардагері Дмитрий Козятинский митингте сөйлеп, Украинада әлі күнге дейін қорғаныс және сыртқы істер министрлері тағайындалмағанына назар аударды.