Қиналған халықтың сөзі де, жүрегі де бола алды

Енді Дулаттай перзент туа қоймас, халық аман болса, артығы да, кемі де туар. Бірақ Дулаттың орнын ешкім баса алмайды.
Ол халқым, ұлтым деген ұлы ойды берік ұстаған перзент бола-тұғын. Осы күні әлдекімдер бір-бірін талап жеп жатады. Анығында, халыққа қызмет ету керек, халқың аман болса, сен де болмайсың. Халқың болмаса, сенің данышпандығың мен ұлылығың кімге керек? Бұл – ұлы идея. Халық болса, бәріміз боламыз.
Түбі бәріміз кетеміз. Алайда ұлы діңгек – ұлтты сақтау керек. Соның жолында барыңды аямай жұмсау керек. Дулаттың ұлы мүддесі, ұлы мұраты – осы. Дулат шын мәнінде қазақ әдебиеті мен мәдениетін шетелге танытқан жазушы. Оның алдындағы ағаларымыз елге, мемлекетке үлкен қызмет істегені рас.
Бірақ дәл Дулаттай өзінің пьесасы арқылы күллі Еуропа мен Азияны, Ресейді мойындатқан жазушы болған жоқ. Осы үлкен есікті ашқан Дулат еді. Бұл тарихтың да, халықтың да алдында басы ашық нәрсе. Дулат қай кезде де халқының азайып, жоғалып бара жатқан ұлттық мінезін жоқтады. Күйініп жазатын, жүрегімен жазатын, жылап жазатын. Естеріңізде болса, тәуелсіздік алған кезден екі мыңыншы жылға дейін бәріміз теңселіп қалдық қой. Мемлекетіміз жолын таба алмай, шайқалып тұрды. Сол кезде Дулат өзінің іні-замандастарына ренжігені бар. «Қыздарымызды қолдаймыз деген ұлдар қыздарымызды қорлап жатыр» деп. Неге Сейфуллинаның бойында қыздар тұр?
Себебі ұлдарымыз нашар, қорғай алмай жүрміз. Осыны кім батыл айта алды? Дулат қана. Халықтың қиналған кезінде, сөзге, жігерге зәру сәттерінде Дулат халықтың сөзі де, жігері де бола алды. Енді қазақтан Дулаттай ұл туса екен, Дулаттан артық ұл туса деп тілеймін. Досымның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын. Дулаттың елі мен жұрты, сіздер аман болыңыздар!
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ