Live

Қазақстан «Евровидение-2027» байқауына қатыса алмайды

Қазақстан 2027 жылы өтетін «Евровидение» ән байқауына қатыса алмайды.

1

Еуропалық хабар тарату одағы (ЕХО) жақында байқауға қатысуға өтінім берген «Хабар» агенттігі толыққанды мүшелік талаптарына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Еуропалық хабар тарату одағының мәлімдеуінше, Қазақстан Еуропалық хабар тарату аймағынан тыс орналасқан, Еуропа кеңесінің мүшесі емес және бұл ұйымда ресми бақылаушы мәртебесіне де ие емес.

"Сондықтан "Хабар" агенттігі қазіргі уақытта толыққанды мүшелік критерийлеріне сәйкес келмейді", – делінген ұйым мәлімдемесінде.

Politico мәліметінше, бұл талаптар ЕХО жарғысында бекітілген. Биыл маусымда жарғыға өзгерістер енгізіліп, Еуропадан тыс орналасқан кейбір елдердің хабар тарату ұйымдарына толыққанды мүше болуға мүмкіндік берілген.

Сонымен бірге ЕХО "Хабарды" ұйымның маңызды серіктесі ретінде бағалайтынын атап өткен.

"Хабар" агенттігі – ЕХО-ның құнды қауымдастырылған мүшесі. Біз оның одақпен көпжылдық ынтымақтастығын жоғары бағалаймыз", – делінген мәлімдемеде.

Қазақстан бұған дейін "Балалар Евровидениесіне" қатысқан. "Хабар" 2018-2022 жылдар аралығында еліміздің атынан бес рет қатысып, екі рет екінші орын иеленді. Алайда қауымдастырылған мүше мәртебесі ересектер арасындағы "Евровидениеге" автоматты түрде қатысу құқығын бермейді.

Politico Қазақстан аумағының шағын бөлігі географиялық тұрғыдан Еуропада орналасқанын да атап өтеді. Басылымның жазуынша, бұл аумақтың өзі Грекияның жер көлемінен үлкен.

Дегенмен "Евровидениеге" қатысу мәселесінде географиялық орналасу әрдайым шешуші фактор емес. Мәселен, Австралия 2015 жылдан бері арнайы шақыртумен қатысып келеді. Ал Канада келесі жылы алғаш рет байқауға қатыспақ. Бұған CBC/Radio-Canada хабар тарату корпорациясының биыл жазда ЕХО-ның толыққанды мүшесі атануы мүмкіндік берген.

"Хабар" агенттігі Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі мәртебесін 2016 жылдан бері иеленіп келеді.

"Евровидение-2027" Болгарияның Бургас қаласында өтеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз