Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:50, 13 Наурыз 2024

Қырғызстанда қамауға алынған 11 журналистке қатысты сот шешімі шықты

журналистер
Фото: knews.kg

Бішкектің Бірінші Май аудандық соты Теміров LIVE арнасының 11 журналисінің 8-ін қамауда ұстау туралы шешім шығарды.

Exclusive.kz мәліметінше, 12 наурызда өткен сот процестерінің қорытындысы бойынша журналистер Сапар Акунбеков пен Ақыл Орозбеков үйқамаққа ауыстырылды. Тағы бір журналист Жұмабек Тұрдалиев бұлтартпау шарасымен ешқайда кетпеу туралы жазбаша міндеттемеге ауыстырылған.

Қалған барлық журналистер тергеу изоляторында тағы 2 ай, яғни 13 мамырға дейін болады. Олар: Әйке Бейшекеева, Мақсат Тәжібек ұлы, Сайпидин Сұлтаналиев, Тыныстан Асыпбек, Ақтілек Қапаров, Азамат Ишенбеков, Жодар Бузумов, Азамат Ишенбеков есімді журналистер.

Теміров LIVE негізін қалаушы және Қырғызстаннан тыс жерде жүрген тергеуші-журналист Болот Теміровтың айтуынша, журналистер елдегі жағдайды зерттеуді тоқтатуға келіскен жағдайда ғана босатылады. Сонымен қатар, Сапар Акунбековтың бұлтартпау шарасы бұл шарттармен келіскендіктен емес, қазір ауруханада жатқандықтан өзгертілген.

Дүние жүзілік құқық қорғау ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары #FreeKyrgyz11 хэштегін жаппай жариялап, 11 журналистің ісі туралы айтып жатыр. Акцияға Organized Crime and Corruption Reporting Project (OCCRP) халықаралық тергеу тобы, ірі француз либералдық басылымы Le Monde, қазақстандық Vlast басылымы, Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық кеңсесі, Пулитцер сыйлығының иегері Кевин Холл қосылды. Чехия мен Латвия, Литва, Эстония, Венгрия, Бельгия, Словакия, Польша, Молдова, Испания және басқа елдердің журналистері де акцияға қатысып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 16 қаңтар күні таңертең Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі «Айт Айт Десе» басылымдары мен Теміров LIVE журналистерін тінту мен жауап алуға кірісіп, олардың басылымдарында жаппай тәртіпсіздікке шақырулар анықталғанын хабарлады. Артынша 11 журналист алдымен 48 сағатқа қамауға алынып, кейін 2 ай мерзімге қамауға алынды. Екі апта бұрын Қырғызстан Жоғарғы сотының төрағасы соттардың тәуелсіздігіне қатысты проблемаларды мойындап, айыпталған журналистердің әділдігін талап еткен.

Фото: knews.kg