Саясат

Қырғызстанда Ташиевті билікті күшпен басып алуға дайындалды деген іс бойынша кінәлі деп таныды

Қырғызстанның Бішкек қаласындағы Первомай аудандық соты бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Камчыбек Ташиевті билікті күшпен басып алуға дайындалды деген іс бойынша кінәлі деп таныды.

Ташиев

Ташиевпен бірге бұрынғы парламент төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулу, экс-депутат Құрманқұл Зулушев және тағы бес айыпталушы да кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, үш жылдық пробация қолданылды. Үкім жарияланғаннан кейін олардың барлығы сот залынан босатылды.

Сот сондай-ақ сотталғандардың мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды. Алайда барлық айыпталушылар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану бабы бойынша ақталды.

Сотталушылардың ешқайсысы өз кінәсін мойындаған жоқ. Үкім шығарылардан бір күн бұрын прокуратура олардың әрқайсысына тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Ташиевтің адвокатының айтуынша, айыптау тарапы оның қорғауындағы азаматтың мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалғанын дәлелдейтін ешқандай айғақ ұсынбаған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, іс «75-тің хаты» деп аталған құжатқа байланысты. Онда бір топ саясаткер мен қоғам қайраткері кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған. Осы хат парламентке түскеннен кейін Камчыбек Ташиев ҰҚМК төрағасы қызметінен босатылып, кейін қылмыстық іс бойынша айыпталушыға айналған.

Камчыбек Ташиев 15 жылдан астам уақыт бойы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың ең жақын серіктерінің бірі саналып келді. Ол елдің арнайы қызметін 2020 жылдан бері басқарған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз