Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:30

Қызыл ұранның арасынан жол тапқан жазушы

Дулат Исабеков
Фото: Ернар Алмабек

Сонау жетпісінші жылдың ортасында біздің қолымызға «Тіршілік» атты кітап тиді. Сол кітапта «Сүйекші», «Тіршілік» деген әңгіме-хикаяттар бар еді.

Авторы әдебиеттің есігін енді ғана аттаған Дулат Исабеков деген жазушы екен. Сол кезде біз бір нәрсеге таңғалғанбыз. Қаламгер жазушы тұрмақ, қарапайым адам баласының көзіне түспейтін екі адамды кейіпкер етіп алыпты.

Соның бірі – Сүйекші. Жұмыс орны – зират, қызметі – жер қазу. Екінші шығармасы «Тіршілік» хикаятында көкнәр ішіп бақытсыз болған әйелдің трагедиялық тағдыры сөз болады. Коммунистік кезеңді жазыңдар деп күнде айғай салатын қызыл ұранның заманында осындай кейіпкерлерді тауып, әдеби айналымға енгізу қандай батылдық, ерекшелік деп таңғалдық.

 Сөйтсек, Дулат Исабеков шынымен ерек талант, ерекше тұлға екен. Содан кейін біз жазушының әр жазғанын іздеп оқитын болдық. Ол кісі қазақ сөзінің қадірін кетіріп, бұрқыратып көп жазған жоқ. Бірақ қаламынан туған қай шығармасы да Еуразияны елең еткізді. Бұл жазушының оқырман алдындағы жауапкершілігінен хабар берсе керек.

Смағұл ЕЛУБАЙ