Қызылордада мұғалімдер мен тәрбиешілер жалған дипломмен жұмыс жасаған
Қызылорда облысында жыл басынан бері 9 мектеп мұғалімі мен 11 балабақша тәрбиешісінің жалған дипломмен жұмыс жасағандығы анықталды.
Қазіргі таңда құзырлы орган қызметкерлері тергеу шараларын жүргізуде, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Негізінен білім саласындағы заңсыздықтар облысқа қарасты Байқоңыр қаласы мен Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында орын алған. Сонымен қатар, қала мектептерінде 50-ден аса мұғалім конкурссыз негізде қабылданғаны белгілі болып отыр. Таңғаларлығы мамандығы сәйкес келмейтіндер педагогтар да оқушылармен жұмыс жасаған. Қызылорда облыстық прокуратурасының тексеруі нәтижесінде 56 қадағалау актісі енгізіліп, 1100 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды.
«Жыл басынан бері аймақтағы білім беру ұйымдарының қызметіне тексерулер жүргізілуде. Жекелеген мектептерде балаларға берілетін тағам мөлшері талапқа сәйкес келмейтіні, оқушыларға мерзімі өтіп кеткен өнімдер берілгені балалар міндетті профилактикалық қарап-тексеруден өтпегені анықталып отыр. Байқоңыр қаласы, Қазалы, Қармақшы аудандарының мектептерінде жалған дипломмен 9 педагогтың және Сырдария ауданының балабақшаларында жалған дипломмен 11 тәрбиешінің жұмыс жасау фактілері анықталды. Бұл материалдардың барлығы тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына жіберілді. Қазіргі таңда іс қаралу үстінде» , - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.