Қызылордадағы энергия үнемдейтін шынының құны – 6,7 млрд теңге
Жуырда облыс әкімі Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанды аралады. Ретімен тізбектесек, алдымен Қорқыт ата әуежайына кіреберіс автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмысын бағамдады.
Бұл жолды салып жатқан мердігер «Қыран» ЖШС ұзындығы 13,5 шақырым, ені 14 метрлік жолды бір жылда салып бітіруді жоспарлап отыр. Төрт қабатты жол жабындысы төселген соң, жарықшамдар мен аялдамалар орнатылмақ. Құрылыстың сапалы жүргізіліп, мерзімінде пайдалануға берілуін тапсырған аймақ басшысы бұл жолдың халықаралық стандартқа сай жаңарған әуежайға лайықты болуын басты назарда ұстауды ескертті.
Сонымен қатар облыс әкімі «Рәміздер алаңы» аумағындағы жол жөндеу барысымен де танысып, барлық талаптың сақталуын тапсырды.
Облыс әкімі Orda Glass Ltd ЖШС шыны зауытындағы жаңа желінің жұмысымен де танысты. Өткен жылдың шілде айында Қытай халық республикасына жасаған іссапары кезінде аймақ басшысы қытайлық ірі компания өкілдерімен кездесу өткізіп, нақты бастамалар қолға алынған болатын. Өңірде шыны кластерін дамыту үшін зауыт жанынан шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру, жаңа өндірістер ашу маңызды. Осы ретте «Чайна Гласс» холдингі басшылығымен жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі жобасын жүзеге асыру келісіліп, меморандумға қол қойылды.
Осылайша, биылғы маусым айында жалпы құны 6,7 млрд теңгені құрайтын жаңа желі іске қосылды. Энергия үнемдейтін шынының ерекшелігі сол – суық кезде жылу сақтайды, жазда күн радиациясынан қорғайды және жылуды 20% үнемдейді.
Өнеркәсіп саласының дамуына серпін берген шыны зауыты 2022 жылдың қазан айында шетелдік инвестордың қатысуымен іске қосылған болатын. Қажетті шикізат шетелден, әсіресе Ресейден, Өзбекстаннан тасымалдануда. Зауыт іске қосылғалы бері 27,3 млрд теңгенің 20,8 млн шаршы метр шыны өнімін өндірді. Өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия және Ресейге экспортқа жіберіледі. Қазір зауытта 400-ге жуық адам жұмыс жасауда.
Әрі қарай облыс басшысы жылу-электр орталықтарының құрылыс алаңына барды.
Осыған дейін өңірде түрік инвесторымен бірлесіп, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу орталығының құрылысы басталғаны белгілі. Ол 2025 жылы іске қосылады. Шетелдік инвестиция есебінен салынатын жаңа ЖЭО 240 МВт электр қуатын өндіре алады. Жаңа нысан қазіргі Қызылорда жылу-электр орталығы аумағындағы 24,5 гектар жер учаскесінде салынуда. Бүгінде инвестор «AKSA Energy» түрік компаниясы құрылысқа 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Негізгі қондырғыларды дайындау үшін шетелдік компанияларға тапсырыс берілген. Құрылғылар шілде айынан бастап Швейцария, Чехия, Италия, Түркиядан құрылыс алаңына жеткізіледі. Жоба жүзеге асырылғанда Қызылорда облысы электр энергиясымен, Қызылорда қаласы жылу энергиясы және ыстық сумен толық қамтылатын болады.
Қызылорда қаласындағы нысандарды аралау кезінде өңір басшысы «Dalatex» ЖШС тігін фабрикасының жұмысымен де танысты. Ерлер жейдесін тігетін цех 2016 жылы жұмысын бастаған. Екі жыл ішінде өнім түрі көбейіп, қуаттылығы өсті, жұмыс орны артты.
«Dalatex» ЖШС «Алтын сапа» байқауында «Қазақстанның үздік тауары-2018» номинациясын жеңіп алған. Маусым айының басында жоба бастамашысы тігін фабрикасын кеңейтіп, аумағы 1900 шаршы метр болатын ғимаратқа көшті. Жұмыс орны 150-ге дейін өсті.
Әрі қарай аймақ басшысы жаңа нысан «Қан орталығына» барды. Осы кезге дейін жеке ғимараты болмаған облыстық орталық жақын күндері ел игілігіне табысталады. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 2 млрд 900 млн теңге қаржы бөлінген.
Сондай-ақ облыс әкімі халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай салынған жаңа автовокзалдың жұмыс барысын көрді. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Жолаушылар осы жерден халықаралық және түрлі бағыттағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.
Аймақ басшысы қала әкімі Серік Қожаниязовқа, жауапты басқарма басшыларына барлық нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасын жіті қадағалауды тапсырды.
Нұрбек Дәуренбеков
Қызылорда қаласы