Қызылжар ауылында екі оқушы қыз көлікпен бірге суға батып кетті
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 11 шілде күні Ақмола облысы Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су айдынында болған.
Белгілі болғандай, отбасы су жағасына демалуға барған. Таңертең суға шомылып шыққан әпкелі-сіңлі екі қыз киімдерін ауыстыру үшін жағалауда тұрған көлікке отырған.
Сол сәтте белгісіз себеппен автокөлік өздігінен қозғалып, суға қарай сырғып кеткен. Көп ұзамай көлік толықтай суға батып қалған.
Қыздардың әкесі балаларын құтқаруға әрекеттенген. Алайда ол көліктің есігін аша алмай, терезесін де сындыра алмаған.
Оқиға орнына келген құтқарушылар екі қыздың денесін судан алып шықты.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.