Қоғам

«Таразға барып, Пактың әкесімен сөйлестім» – Әл-Фараби даңғылындағы жол апатында қаза тапқан қыздың әкесі

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.

Пак

Бүгінгі сот отырысында Марқұм Томирис Қыдырбектің әкесі сотқа онлайн қосылып, судьядан өзін жәбірленуші деп тануды сұраған еді. Судья одан алдымен куәгер ретінде жауап алып, кейін жәбірленуші деп тануға шешім шығарды.

Жантүршігерлік жол апатында қаза тапқан 20 жастағы қыздың әкесі сотта сөз сөйлеп, айыпталушыны кешірмейтінін мәлімдеді.

Соттағы сөзінде ол айыпталушының ата-анасымен де кездескенін айтты. Ер адамның айтуынша, ол арнайы Тараз қаласына барып, сотталушының әкесімен сөйлескен.

«Әкесінің үйіне бардым. Ол жылап, ұлы үшін кешірім сұрады. Тіпті тізерлемек болды. Мен оған кінә өзіңізде емес, баланы дұрыс тәрбиелей алмағаныңызда дедім. Ешкімге қоқан-лоқы көрсеткен жоқпын», – деді жәбірленуші.

Сондай-ақ ол өзіне қаржылай өтемақы ұсынылғанын да растады.

«Маған ақша ұсынды. Бірақ маған ақша емес, балам керек. Сондықтан ешқандай кешірім болмайды», – деп мәлімдеді ол.

Сотта жәбірленушіден Пактың әке-шешесінің мекен-жайын қалай тапқанын сұрады. Ол өзінің бұған дейін күштік құрылымдарда қызмет еткенін және Тараз қаласында таныстары барын алға тартты.

Сонымен қатар, прокурор жәбірленуші деп танылған Томиристің әкесінен сотталушы Пакқа қандай талап қоятынын сұрады. Ол: «Маған қызымды қайтарып берсін», – деп қысқа қайырды.

Марқұмның әкесі алдағы уақытта да іске белсенді қатысып, кінәлі тұлғаның заң аясында қатаң жауапқа тартылуына мүдделі екенін айтты. Ол тек өзінің сот залына келгісі келмейтінін жеткізді. Судьядан іске онлайн қатыстыруды сұрады. 

Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – «Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз