Саясат

«Қоғамдық БАҚ өтірік айтпауы керек»: Венгрия мемлекеттік телеарнасының жаңалықтар қызметін уақытша тоқтатты

Венгрияның мемлекеттік M1 телеарнасы жаңалықтар хабарын уақытша тоқтатып, қоғамдық медианы реформалау жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

Орбан

 Билік бұл өзгерістер мемлекеттік БАҚ-ты «тәуелсіз әрі сенімге лайық» ету мақсатында қолға алынғанын айтады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Телеарна эфирінде қара экран көрсетіліп, онда: «Қоғамдық БАҚ өтірік айта алмайды. Соған қарамастан, біз мұны ұзақ жылдар бойы істегеніміз үшін кешірім сұраймыз» деген хабарлама жарияланды.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, сол күні мемлекеттік телерадио компаниясының жаңа уақытша басшылығы қызметіне кіріскеннен кейін телеарна мен радиодағы бірқатар редакторлар жұмыстан босатылған. Алайда Reuters бұл ақпаратты тәуелсіз түрде растай алмаған.

Бұл қадам биыл сәуірдегі сайлауда Виктор Орбанның «Фидес» партиясын жеңген премьер-министр Петер Мадьярдың сайлауалды уәдесімен байланысты. Ол мемлекеттік медианы реформалап, Орбан тұсында қалыптасқан «насихат жүйесіне» нүкте қоюға уәде берген еді.

1
Фото: скриншот

Эфирдегі хабарламада:

«Қазіргі уақытта мемлекеттік БАҚ болашақта тәуелсіз әрі сенімге лайық болуы үшін жаңғыртудан өтуде. Жаңалықтар қызметі уақытша тоқтатылды. Бізбен бірге болыңыздар!» делінген.

Мадьярдың айтуынша, оның үкіметі Орбан дәуірінде қалыптасқан негізгі мемлекеттік институттарды, соның ішінде мемлекеттік БАҚ-ты реформалайды. Ол билік тармақтарының тепе-теңдігін қалпына келтіріп, жемқорлықпен күресті күшейтуге ниетті.

Reuters бұл жағдайды 2023 жылы Польшада Дональд Туск билікке келгеннен кейін мемлекеттік жаңалықтар арнасының эфирден алынуымен салыстырады.

Ал бұрынғы премьер-министр Виктор Орбан бұл шешімді «Тиса партиясының деспотизмінің кезекті көрінісі» деп бағалап, венгрлерді өзіне жақын Hír TV телеарнасын көруге шақырды.

Петер Мадьяр Facebook-тегі парақшасында бұл күнді «тарихи күн» деп атап:

«Мемлекеттік БАҚ-тағы насихаттың дәуірі аяқталды», – деп жазды.

Кейінірек ол M1 телеарнасы кешке қарай эфирін қайта жалғастыратынын, бірақ жаңалықтар емес, фильмдер көрсетілетінін хабарлады.

Мадьяр сайлаудан кейін Венгрияда «шынайы теңгерімді әрі объективті жаңалықтар қызметін» құруды мақсат ететінін мәлімдеген. Оның алғашқы шешімдерінің бірі мемлекеттік БАҚ жұмысы мен қаржыландырылуына толық аудит жүргізу болды.

Алайда сарапшылар мұндай реформаны жүзеге асыру оңай болмайтынын айтады. Этвеш Лоранд университетінің медиа және коммуникация профессоры Габор Поляктың пікірінше, ең маңызды міндет – қоғамның мемлекеттік БАҚ-қа деген сенімін қайта қалпына келтіру.

Сарапшының айтуынша, қоғамдық медиа венгр тіліндегі мәдени контентті дамытуда маңызды рөл атқарып, ашық әрі тиімді жұмыс істеуі тиіс.

Reuters мәліметінше, Виктор Орбан билігі кезінде мемлекеттік БАҚ үкіметтің бақылауына көбірек өтті, ал бірқатар жекеменшік басылымдар жабылып немесе билікке жақын кәсіпкерлердің бақылауына өткен. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде Венгрия 2010 жылғы 23-орыннан 2026 жылы 74-орынға дейін төмендеген.

Орбан үкіметі бұған дейін БАҚ-қа қысым көрсеткенін жоққа шығарып, елдегі медиа саласы Еуроодақтың сөз бостандығы стандарттарына сәйкес келетінін мәлімдеп келген.

 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз