Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:56, 27 Наурыз 2024

«Көлік керек, көмек керек». Астана маңындағы ауылды су басты

аа
Фото: из открытых источников

26 наурыз күні кеште Астана іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындары су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялауды талап етіп, тас жолды жауып тастады.

Азаттық ақпаратынша, жергілікті тұрғындар ауыл көшелерінде жүру мүмкін еместігіне наразы.

«Ақмола облысында 26 наурыз күні кешке Қоянды ауылының тұрғындары тас жолды жауып тастады. Тұрғындардың айтуынша, ауылға кіріп-шығу мүмкін емес», - деп жазады басылым. Ал,бейнежазбада әйелдің: «Қоянды тұрғындарына жағдай жасалсын» деген даусы естіледі.

«Қыста бізді қар басып қалады, күн жылынса, балшыққа батамыз. Жұмысын дұрыс атқара алмайтындар, орындарын босатсын», – дейді ауыл тұрғындары.

 

Тұрғындардың айтуынша, кейбір аулаларды су басқан. Жайылған су тіпті, тұрғын үйлерге кіріп кеткен. Бұған дейін ауыл тұрғындары Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбековке талап қойған.

«Қоянда тұрғындары оқиға орнына қауіпсіздік күштерінің жеткенін хабарлады. Ауыл тұрғындары жіберген видеолардан «Полиция» және «СОБР» деген жазуы бар киім киген адамдарды көруге болады», - деп жазады басылым.

Бұған дейін Қоянда тұрғындарының бірі ауыл тұрғындарының талабын айтқан болатын.

«26 наурыз. Бүкіл халық әкімдік алдына жиналды. Біздің талап – жергілікті жерде төтенше жағдай енгізу. Бүкіл ауылымыз су астында қалды. Су неше үйге кірді? Олар өтемақыны қалай өтейтінін айтпайды. Көлік керек, көмек керек, суды сорғызатын адамдар керек. Қыс бойы қарды тазаламаудың салдарын бүгін көріп отырмыз», - дейді азамат.

Бұдан кейін тұрғындар талаптары орындалмаса, жолды жабуға дайын екендіктерін жеткізді.

Ал, Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімдігі наразы Қоянды ауылының тұрғындары тарағанын мәлімдеді, деп жазады ҚазТАГ.

«26 наурыз күні сағат 20.40-та Қоянды ауылының 50-ге жуық тұрғыны ауыл әкімдігінің маңындағы жолды жауып тастады. Жергілікті тұрғындар су тасқынына қарсы шаралар мәселелеріне назар аударту үшін жиналды. Түсіндіру үшін аудан әкімі Б.Ә.Оспанбеков оқиға орнында жиналғандармен кездесті және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қ.Қ.Доспаев та болды.Сағат 22.00-де барлық жолдар ашылып, тұрғындар тарады», - деп хабарлады Целиноград аудандық ішкі саясат бөлімі КазТАГ-қа.

Жергілікті биліктің мәліметінше, «қазір Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген шаралар жүргізілуде».

«150 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Қар шығаруға 10 инженерлік және арнайы техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, Қоянды ауылында 9,5 мың метр арықтар мен каналдар, сондай-ақ 46 су өткізгіш құбырлар тазартылды. 35 мың текше метрден астам еріген су сорылды. Тас жолдарды жабу сияқты заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз», - деді аудан басшылығы.

 

Фото: orda.kz