Конгодағы Эбола індеті ел тарихындағы ең ірі ошаққа айналды
Конго Демократиялық Республикасында мамыр айынан бері басталған Эбола індетін жұқтырғандар саны 3 532-ге жетті. Оның 1 556-сы қайтыс болды.
Жаңа көрсеткіштер 2018–2020 жылдардағы елдегі ең ірі індет кезіндегі тіркелген 3 500 жағдайдан асып түсті. Алайда ол кезде қайтыс болғандар саны шамамен 2 300 адам болған.
БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы басшысының міндетін атқарушы Карл Скаудың айтуынша, бұл – бұрын-соңды тіркелген ең жылдам таралып жатқан Эбола індеті.
Әлемдік тарихта ауқымы жағынан бұдан ірі індет тек 2014–2016 жылдары Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде тіркелген. Ол кезде 28 616 адам вирус жұқтырып, 11 310 адам көз жұмған.
Қазіргі індет Конгоның 26 провинциясының бесеуіне таралған. Негізгі ошақ Уганда және Оңтүстік Суданмен шектесетін Итури провинциясында орналасқан.
Мамандардың айтуынша, кедейлік пен қарулы қақтығыстар індетті ауыздықтауға кедергі келтіріп отыр. Кейбір отбасылар қайтыс болғандарды қауіпсіздік талаптарын сақтамай жерлейді, бұл вирустың одан әрі таралуына себеп болуда.
Эбола вирусы жұқтырған адамның биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы беріледі және ауыр геморрагиялық қызбаны тудыруы мүмкін. Соңғы 50 жылда Африкада бұл дерттен 15 мыңнан астам адам қайтыс болды.
Бұл – Конго Демократиялық Республикасында тіркелген Эбола індетінің 17-ошағы. Қазіргі індетке Bundibugyo деп аталатын сирек вирус түрі себеп болған. Оған қарсы әзірге мақұлданған вакцина да, арнайы емдеу тәсілі де жоқ.