Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:39, 06 Маусым 2024

Көшербаев Балушкиннің былығынан аса алмай отыр

Ермек Көшербаев

Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы «Рахман қайнары» тау курорты мамыр айынан бері есігін тарс жауып, ешкімді кіргізбей жатыр екен. Бұл туралы белсенді азаматтар мен тур фирма өкілдері дабыл қақты.

Алтайдың інжу-маржаны атанған шипажай төңірегінде бұған дейін де бірнеше рет дау шыққан. Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, курорт үнемі белгісіз себептермен жабылып қалады. Оның қашан ашық, қашан жабық тұратыны лотерея сияқты белгісіз жағдай дейді көпшілік.

Бірақ осы жолғы дау бұрынғы даудан өзгеше сияқты. «Рахман қайнарына» кіретін тұсты қарулы топ күзетіп тұр екен. Олар шипажайға алыстан ат артып келген туристерді кеудеден итеріп, кері қайтарған.

«Рахман қайнары» аумағында қонақ үйіміз бар, бірақ оған кіре алмадық. Туристермен 500-600 шақырым жол жүріп барсақ та, жабық есікке тап болып, кері қайтуға мәжбүр болдық. Қарулы күзетшілер өздерін таныстырған да жоқ», – дейді «Меломан-Травел» компаниясының өкілі А.Аксенов.

Жергілікті тұрғындар бұған наразылық танытып, облыс әкімдігіне әлеуметтік желі арқылы үндеу жасады. Оларды «шипажай мемлекет меншігінде ме, әлде жекеге өтіп кетті ме?», «курорт қақпасы неге үнемі жабылып қалады, оған талас жүріп жатыр ма?» деген сұрақтар мазалайды.

Көп көкейіндегі осы сауалды облыс әкімдігінен сұраған едік. Бірақ облыс әкімі Ермек Көшербаев мұндай мәселелерге мойын бұрмайтын сияқты. Баспасөз хатшысы Елжан Қайырханов «бүгін-ертең» деп жүріп, сұрақты жауапсыз қалдырды.

Түптеп келгенде, осындай дау-дамайдың өршіп кетуіне облыс әкімі жол беріп отыр. Тұрғындардың қалаған жеріне барып, қамсыз өмір сүруіне әкімдік жауапты. Ал олар проблемаға салғырт қарап, сөзбұйдаға салып отырса, ештеңе шешілмек емес.

ҚР су кодексі бойынша, көл, су айдыны халықтың меншігі және ол әрқашан халыққа қолжетімді болуы қажет. Біз сөз етіп отырған жағдайда осы талап өрескел бұзылып отыр. Бір облыстан ғана емес, тұтас ел аумағынан туристер баратын курортты қарулы күшпен күзетіп отырған Көшербаевтың ойынша туризм түкке тұрғысыз мәселе сияқты. Ол мемлекет туризмді дамыту үшін миллиондап қаржы бөліп жатқанын ескермей отыр.

Балушкинге сілтеген сойыл «Рахман қайнарына» тиген

Кейін шипажайдағы қарулы күзетті облыстық мемлекеттік мүлік департаменті сот шешімі бойынша қойғаны белгілі болды. Олар Анатолий Балушкин есімді қашқын олигархтың мүлкін түгендеп жатыр екен. Сот шешімі бойынша оның дүние-мүлкі тәркіленеді. «Рахман қайнары» шипажайы да осы Балушкиннің иелігінде екен.

Анатолий Балушкин «Бипэк Авто-Азия Авто» тобының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы болған. Кезінде Қазақстанда машина шығарып, жұртты жаңа көлікке мінгіземін деп мемлекеттен миллиардтап ақша алған. Бірақ машина жасап жарытқан жоқ, керісінше, ел қазынасынан алған қаржыны қайтармай, Ресейге қашып кетті.

2020 жылы мамырда Балушкин мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арасында автоөндірушіге берілетін жеңілдікке қатысты жанжал туындады. Шенділер «Азия Авто» өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамады деп санап, кәсіпорыннан 174 млрд теңге өндіру жөнінде шешім қабылдады. Сол жылы қарашада зауыт көлік құрастыруды доғарды.

Ал 2021 жылғы 9 тамызда ҚР бас прокуратура алаяқтық жасады деген күдікпен Балушкинге іздеу жариялады. Сол жылы қыркүйекте Ресей прокуратурасы оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Былтыр мамырда құқық қорғау органдары оның 230 миллиард теңге ұрлады деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Қазақстан билігі іздеу жарияласа да, сотқа шақырса да, Балушкиннің мұртын балта шапқан жоқ. 2023 жылдың аяғында Ресей азаматтығын алып, сол елде әскери техника шығаратын зауыт ашып алды. Мұны аз десеңіз, ресейлік басылымдарға берген сұхбатында Қазақстанда іздеуде жүргені өзін аса алаңдатпайтынын айтып, мысқылдап жүр.

Анатолий Балушкин машина шығару қолынан келмесе де, табиғаты таңғажайып ШҚО-ны «тонауды» әбден меңгерген сияқты. Биыл сәуірде облыстық прокуратура Балушкиннің біраз былығын ашты. «Бипэк Авто» орман пайдалану ережесін өрескел бұзып, 150,7 гектар орман алқабында ойына келгенін істепті. Сондай-ақ жауапты органның келісімінсіз 19 гектар жер теліміне заңсыз құрылыстар салғаны белгілі болды. Сот шешімімен оған пайдалануға берілген 169,7 гектар жердің келісімшарты бұзылды.

Осыдан-ақ Балушкин бір кездері Шығыс Қазақстанның нағыз еркесіне айналғанын білуге болады. Дәуірлеп тұрған шағында әйгілі «Рахман қайнарын» да меншіктеп алған сияқты. Соның соңы бүгінгідей дауға ұласып отыр. Бұған мемлекеттің мол байлығын жеке қолға оңды-солды таратып берген ел билігі кінәлі.

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов «Рахман қайнарында» аумағында «Бипэк Авто-Азия авто» компаниялар тобы иелік ететін туристік нысан бар екенін растады. Ол тергеу жүріп жатқандықтан жолды жабуға мәжбүр болдық деп отыр.

Бірақ қашқын олигархтың мүлкін тәркілеу үшін қарулы жасақ топтап, халықты қорқытудың қажеті қанша! Әлде Балушкиннің өзі Ресей асып кетсе де, осында қалған серіктері сот шешіміне қарсы шығып, қару қолдануға мәжбүрлеп отыр ма? Ондай шетін оқиға болса, Көшербаев көп алдына шығып, анығын айтсын. Әйтпесе, айдын-күннің аманында қару асынып, туристерді түре қуғанын қалай түсінеміз?..

Қуаныш Қаппас