Қостанай облысында көлік қағып кеткен жаяу жүргінші көз жұмды
Қостанай облысының Лисаковск қаласында жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші қайтыс болды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша, Toyota Land Cruiser Prado жүргізушісі бұрылу кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Жол апаты салдарынан ауыр жарақат алған азамат медициналық мекемеге жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінің жүргізушісі бұрылу маневрін жасау кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді, алайда көз жұмды», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.