Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:18, 07 Желтоқсан 2024

Көтерілісшілер Сирияның оңтүстік-батысындағы Дараа қаласын басып алды

1
Фото: AFP

Сирия үкіметі Дараа қаласы мен аттас аймақтың үлкен бөлігін бақылаудан айырылды.  АҚШ пен Иордания азаматтарын Сириядан кетуге шақырды.

Сирия үкіметі маңызы бар Дараа қаласын, сондай-ақ cол аттас провинцияның басым бөлігін бақылаудан айырылды. Бұл туралы Сирияның адам құқықтарын бақылау орталығына (SOHR) сілтеме жасаған AFP хабарлады.

«Жергілікті топтар Дара провинциясындағы аумақтарды, соның ішінде Дараа қаласын бақылауға алды. Қазір олар аймақтың 90 пайыздан астамын бақылауда, режим күштері әскерлерді біртіндеп шығарып жатыр», - деп хабарлады SOHR.

Ұйымның хабарлауынша, топтар осы күні таңертең Иорданиямен шекарадағы Нассиб-Джабир бақылау-өткізу бекетін басып алған. Бұл бақылау-өткізу пункті иорданиялық жақтан жабылған, деп хабарлайды AFP елдің Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Сирияда азаматтық соғыс өршіп тұрған кезде Иордания мен АҚШ үкіметтері өз азаматтарын мүмкіндігінше тезірек елден кетуге шақырды.

Ердоған Путинмен Сириядағы жағдайды талқылады

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Сириядағы қазіргі жағдайды талқылады. 3 желтоқсанда Түркия мемлекеті басшысының байланыс бөлімі Ердоған Анкараның Сирияның аумақтық тұтастығын қолдайтынын және бұл елде «әділ және ұзақ мерзімді реттеуді» жақтайтынын айтқанын хабарлады.

Ол Дамаск билігін қақтығысты саяси жолмен шешуге қатысуға шақырып, бейбіт тұрғындарға зиян келтірмеудің маңыздылығын атап өтті. Түркия президенті өз елі «Сирияда бейбітшілік орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр» деп сендірді.

Кремльдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, түрік тарапының бастамасымен өткен әңгімеде «Сириядағы жағдайды қалыпқа келтіруде Ресей, Түркия және Иран арасындағы тығыз байланыстың маңыздылығы» талқыланды. Путин Сирия билігінің «бүкіл елде тұрақтылық пен конституциялық тәртіпті қалпына келтіру» талпыныстарына қолдау көрсету үшін Анкараның аймақтағы бар мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін атап өткен.

Тегтер: