Құрылыс нормасы бұзылған: Фельдшердің өліміне қатысты сотта жаңа дерек айтылды
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сот отырысында құрылыс саласының сарапшысы Вероника Лобаева жауап берді.
Сарапшы құжаттар мен құрылыс-техникалық сараптамалардың қорытындыларын зерттеген. Оның айтуынша, ғимаратты салу кезінде ең көп дегенде бес қабатты үйлерге арналған кірпіш қалау тәсілі қолданылған. Бұл – құрылыс нормаларын өрескел бұзу. Сонымен қатар үйде пайдаланылған М-25 маркалы қалау ерітіндісі көтергіш конструкцияларға арналмаған.
Лобаеваның сөзінше, 2017 жылғы техникалық қорытындыдан кейін үйді басқаратын ұйым ғимараттың әлсіз тұстарын күшейту бойынша жоба әзірлеп, тиісті жұмыстар жүргізуі керек болған.
«Сол кезде жергілікті күшейту жұмыстары жасалғанда, мысалы, жоғары маркалы ерітіндімен инъекциялау немесе қаптама қабатын анкерлеу жүргізілсе, зардап аз болуы мүмкін еді. Алайда 2017 жылғы қорытындыда мұндай ұсыныстар болмаған», – деді сарапшы.
Оның түсіндіруінше, бұған техникалық қорытындыда қауіпті ауытқулардың тіркелмеуі себеп болған. Ал 2026 жылғы сараптама барысында мұндай кемшіліктер көрсетілген.
Сарапшы 2017 жылы ғимарат қабырғаларында жарықтар болғанын растағанымен, олардың сыртқы белгілеріне қарап құрылыс кезінде жіберілген ақауларды анықтау мүмкін болмағанын айтты. Оның пікірінше, кез келген жарықшақ бірден конструкцияны күшейту қажет дегенді білдірмейді, өйткені жаңа үйлердің өзінде де жарықтар пайда болуы мүмкін.