«Құрылтай» атты Парламент: Тоқаев ұсынған жаңа саяси архитектураның мәні
Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың ішіндегі ең салмақтысы – елдің басқару жүйесін ықшамдап, оны халыққа жақындатуға бағытталған жаңа институционалдық қадамдар.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында көтерілген бір палаталы Парламентке көшу, оны «Құрылтай» деп атау, сондай-ақ Қазақстанның Халық Кеңесін құру және вице-президент институтын енгізу – бәрі де бір-бірімен сабақтасып жатқан, мемлекет басқаруының жаңа үлгісін қалыптастыруға арналған кешенді бастамалар.
Бұл ұсыныстардың басты өзегі – мемлекеттің саяси құрылымын «күрделендіру» емес, керісінше реттеу, жүйелеу, тиімді ету. Яғни Тоқаев реформасы сыртқы эффект үшін жасалған қадам емес, ел ішінде ұзақ жыл жиналған сұраныстарға жауап беретін прагматикалық шешім болмақ.
«Құрылтай» сөзі – қазақ қоғамының тарихи жадына жақын, ел тағдыры таразыға түскенде игі жақсылар бас қосып, ортақ мәмілеге келген дәстүрді еске салатын ұғым. Президенттің Парламентке осындай атау ұсынуы – ең алдымен ұлттық дәстүрге құрмет, әрі бүгінгі саяси институттарды халқымыздың тарихи тәжірибесімен байланыстыру әрекеті. Бір жағынан, бұл – қоғамға түсінікті тілмен сөйлеудің үлгісі. Екінші жағынан, халыққа «заң шығару – тек кабинет ішіндегі рәсім емес, елдік мәселеге жауап беретін ортақ жауапкершілік» деген идеяны жақындата түседі. Соңғы жылдары Ұлттық құрылтай алаңында айтылған бастамалар негізінде 26 заңның қабылдануы – осы форматтың бос сөз емес, нақты нәтиже беретін платформа екенін дәлелдеді.
Тоқаев ұсынып отырған жаңа Парламенттің тағы бір маңызды ерекшелігі – оның ықшам әрі тиімді болуы. Айтылған параметрлердің өзі көп нәрсені аңғартады. Мысалы, 145 мандат, комитет саны 8-ден аспау, төрағаның үш орынбасары, ал сайлау пропорционалды жүйе арқылы өткізіледі. Мұның бәрі бір нәрсені көздейді, яғни, заң шығарушы орган саяси салмақты күшейтіп, сонымен бірге жұмыстың жылдамдығы мен жауапкершілігін арттыруы керек. Өйткені көп сатылы, тым күрделі құрылымдар кейде шешім қабылдауды баяулатып, жауапкершілікті шашыратып жібереді. Ал Тоқаев ұсынып отырған модель керісінше, «кім жауап береді, кім бақылайды, кім ұсынады» дегенді айқын ететін жүйе. Бұдан бөлек, мәслихаттарда мажоритарлық жүйенің сақталуы да – аймақтың үнін өшірмей, жергілікті өкілдіктің табиғи арнасын жоғалтпауға бағытталған дұрыс шешім.
Президент квотасының болмауы – саяси мәдениеттің өскені
Жаңа модельдегі ең маңызды жаңалықтың бірі – Парламентте Президент квотасының болмауы туралы ұстаным. Бұл – мемлекет басшысының өзі Парламенттің дербестігін күшейтуге, оны қоғам алдындағы жауапты институт ретінде орнықтыруға мүдделі екенін көрсетеді. Сонымен бірге, Тоқаев әйелдер, жастар және ерекше қажеттілігі бар азаматтар квотасын сақтауды ұсынып отыр. Бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатын саясатта нақты ұстану, саясатқа әртүрлі топтардың тең қатысуын қамтамасыз ету деген сөз.
Халық Кеңесі – азаматтық қоғамды институционалдайтын қадам
Президент ұсынған Қазақстанның Халық Кеңесі идеясы да – қоғаммен кері байланысты тереңдетуге арналған маңызды тетік. Кеңес құрамының формуласы ел ішіндегі қоғамдық пікірдің әртүрлі арналарын бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді. Кеңеске заң бастамашылығы құқығын беру туралы ұсыныс – азаматтық қоғамның үнін тек «ұсыныс деңгейінде» қалдырмай, оны құқықтық процеске тікелей енгізудің жолы. Әрине, мұндай институттардың тиімділігі – оның жұмыс регламентіне, ашықтығына, пікір алуандығын сақтай алуына байланысты. Бірақ бағыты айқын: Тоқаев қоғамның «еститін мемлекет» идеясын нақты тетіктермен бекітіп отыр.
Вице-президент институты – басқарудағы тұрақтылық
Мемлекет басқару жүйесін жаңартудағы келесі түйін – вице-президент институты. Парламент депутаттарының көпшілігімен келісіп тағайындалатын бұл лауазым – атқарушы билік пен заң шығарушы орган арасындағы үйлесімді күшейтуге қызмет етеді. Халықаралық келіссөздер, парламенттік өкілдік, қоғамдық ұйымдармен байланыс – бәрі де бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда аса қажет бағыттар.
Бір сөзбен айтқанда, Тоқаев ұсынып отырған «Құрылтай» атты Парламент – мемлекеттің саяси жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін тұтас архитектура. Мұнда басты ұстаным – халыққа жақын, ықшам, түсінікті әрі жауапкершілігі жоғары институттар қалыптастыру. Ең маңыздысы, бұл бастамалар қоғамда «өзгеріс керек» деген талапты құр ұранмен емес, нақты механизмдермен жауаптап отыр. Демек, жаңа модель – Қазақстанның саяси жаңғыру жолындағы маңызды белес.
Нұрбай Досанов,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының аға оқытушысы