Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 29 Мамыр 2024

Құрметті депутат, жүрдім-бардым тендерщик Нәбиевтің миллиардтары

Әміржан Нәбиев
Фото: ашық дереккөз

Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп кеткен Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысқан қалалық мәслихат депутаты Әміржан Нәбиевтің құрылыс компаниясы мемлекеттік сатып алу бойынша міндеттемелерін бұзған.

 Сондықтан әкімдік оны сотқа берген. Сот әкімдіктің талап-арызын қанағаттандырып, «Атрикс-Строй» компаниясын мемлекеттік сатып алудың «недобросовестный» қатысушысы деп таныған.

Талап-арызда «Атрикс-Строй» компаниясының әкімдік ғимаратын жөндеу мерзімін ұзартып, мемлекеттік сатып алу бойынша міндеттемелерін бұзғаны жазылған. Сонымен кәсіпорын мемлекетке шамамен 36 миллион теңге төлеуге міндеттелген. Бірақ соттың шешіміне келіспеген депутат қайта апелляцияға берген.

Алматы әкімдігі
Қаңтар оқиғасынан кейін қалпына келтірілген Алматы әкімдігінің қазіргі көрінісі. Фото: Алматы әкімдігі

Әміржан Нәбиев кім, «Атрикс-Строй» қандай компания?

Әміржан Нәбиев 2002 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Атрикс-Строй» ЖШС құрылыс компаниясын басқарып келеді. 2014 жылдан бері AMANAT партиясының мүшесі. Қазіргі күнде мәслихат депутатымен қатар экономика, қаржы, активтер, мемлекеттік басқаруды дамыту және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы. «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» атағына ие. Оған тиесілі «Атрикс-Строй» кәсіпорны 2022-2023 жылдары тікелей құрылыс бөлімімен әкімдік ғимаратын қайта жөндеуге келісім жасасқан. Мемлекеттік сатып алулар сайтының мәліметінше, 2022 жылдың наурыз айында 10 274 ​​312 625 теңгеге келісімшарт жасалған. Желтоқсан айында бұл сома қосымша келісімнен кейін 17 147 390 927-ге дейін өскен. Қаржы қалалық бюджеттен бөлінген.

Атрикс Строй

«Атрикс-Строй» компаниясы Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 2002 жылы 13 желтоқсанда, кейіннен 2019 жылы 13 қыркүйекте тіркеуден өткен.

Директоры – Набиев Амиржан. Құрылтайшылары – Набиев Сарсен Садирович, Набиев Амиржан Амиржанович.

Мекенжайы – Алматы қаласы, Керей-Жәнібек хандар көшесі, 470/2.

1

Кәсіпорын құрылыс саласында қызмет көрсетеді. 2023 жылғы қаржы айналымы – 29 805 253 000 теңге, төлеген салығы – 590 211 392 теңге. Осы уақытқа дейін жалпы мемлекет қазынасына 1 217 778 000 теңге аударған.

Кәсіпорын мемлекеттен тендерлер алып тұрады. Мысалы, 2022 жылы 30 934 763 120 теңгеге 5 келісімшарт, былтыр әкімдікті қайта жөндеу жұмыстарына деп 17 147 390 928 теңге 1 келісімшарт алған. 2023 жылы Алматы қаласы әкімі аппаратының ғимаратын қайта жөндеуге тағы да 616 682 493 теңгеге келісімшарт түзген. Бірақ бұл келісім жүзеге аспай қалған. Соған қарағанда алғашқы келісіммен бөлінген ақша жетпей қалғанға ұқсайды. Жалпы, Нәбиевтің құрылыс компаниясы тек Алматы қаласы әкімі аппаратынан тендерлер алып отырады. Мысалы, 2020 жылы мамырда 684 955 643 теңгеге №164 мектеп-гимназия оқу корпусына қосымша құрылыс жүргізуге әкімдіктен тендер алған. Жалпы осындай келісімшарттарының саны – 19.

«Атрикс-Строй» компаниясының өзі 5 компанияға қатысы бар, оларды да санамалап өтейік:

Жер ана

«Жилой комплекс Жер-Ана» ЖШС

Алматы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында 2014 жылы тіркеуден өткен.

Директоры – Устинов Роман Валерьевич. Құрылтай мүшесі біреу – Нәбиевтің құрылыс компаниясы.

Мекенжайы – Алматы қаласы, Назарбаев даңғылы, 223.

1

Кәсіпорынның былтырғы қаржы айналымы – 886 382 364 теңге, төлеген салығы – 15 364 208 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 161 387 555 теңге аударған. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

RNGK ЖШС

Алматы қаласында 2021 жылы, 16 сәуірде тіркеуден өткен.

Директоры – Набиев Сарсен Садирович. Құрылтайшысы – «Атрикс-Строй» компаниясы.

Бұл кәсіпорынның қаржылық айналымы мен төлеген салығы туралы мәліметтер кездеспейді. Компания жылу энергиясын өндіретін қазандықтарды жасаумен айналысады.

«Көмекші» нарық субъектілерін қорғау ассоциациясы» заңды тұлғалардың бірлестігі

Алматы қаласының әділет департаментінде 2010 жылы, 14 шілдеде тіркеуден өткен.

Директоры – Баратов Ялкунжан Сативалдиевич. Құрылтайшылар саны екеу, соның бірі – Нәбиевтің құрылыс компаниясы.

Кәсіпорын қоғамдық қызметпен айналысады. Оның кейінгі жылдардағы қаржы айналымы туралы мәлімет жоқ. Тек 2018 жылғы ақша айналымы – 13 542 620 теңге, төлеген салығы – 300 мың теңгеге жуық. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

ATRIX-Service ЖШС

Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында 2023 жылы, 21 маусымда тіркеуден өткен.

Директоры – Кусшибеков Талгат Сапиевич. «Атрикс-Строй» компаниясы жалғыз құрылтай мүшесі.

Мекенжайы – Алматы қаласы, Назарбаев даңғылы, 223. Кәсіпорын объектілерге кешенді қызмет көрсетумен айналысады.

Компания былтыр құрылғандықтан қаржылық айналымы туралы нақты мәлімет жоқ. Бірақ мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпорынның төлеген салығын 3 млн 41 мың 289 теңге деп көрсеткен. Компанияның табысы биыл да артқан, соған қарағанда қарқын алып дамып келе жатқан сияқты. 2024 жылғы бірінші тоқсанында төлеген салығы – 3 781 373 теңге. Мемлекеттен әлі тендер алып үлгермеген.

Alatau city construction ЖШС

Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында 2020 жылы, 6 мамырда тіркеуден өткен. Директоры – Набиев Сарсен Садирович. «Атрикс-Строй» жалғыз құрылтайшысы.

Мекенжайы – Алматы қаласы, Назарбаев даңғылы, 223.

Кәсіпорын ғимарат құрылысымен айналысады. Өткен жылғы қаржы айналымы – 93 274 783 теңге, төлеген салығы – 2 744 140 теңге. Ал 2022 жылы компания біраз табысқа жеткен, ақша айналымы – 5 527 761 589 теңге болған. Жалпы салығы – 222 068 474 теңге.

Нәбиевтерге тиесілі тағы бір компания – River Park Esentai (Ривер Парк Есентай) ЖШС

Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында 2014 жылы, 20 қаңтарда алғаш рет тіркеуден өткен.

Директоры – Набиев Сарсен Садирович. Құрылтайшылары – Набиев Сарсен Садирович, Набиев Амиржан Амиржанович.

Орналасқан жері – Алматы қаласы, Назарбаев даңғылы, 223.

Компанияның былтырғы қаржы айналымы – 519 182 440 теңге, төлеген салығы – 10 186 257 теңге. Мемлекеттен алған тендері кездеспейді.

Бұл компания «Глобал тим» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы. Тұрмыстық, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпорынның 2023 жылғы қаржы айналымы 25 854 801 теңге. Алайда 2022 жылғы компания қаржысы 140 345 457 теңге болған.

Сәрсен Нәбиевтің компаниялары құрылтай құрамында үнемі Әміржан Нәбиев жүреді. Бұл компаниялардың құрылтай мүшелігі мен директорының арасында Сәрсен Нәбиевтің аты көп аталады. Тегіне қарасаң Әміржан Нәбиевпен туыс сияқты. Жалпы Сәрсен Нәбиевтің де бірнеше компаниясы бар. Біз оның басым бөлігін жоғарыда жаздық. Ал оған тиесілі «ГРАТ-Строй» ЖШС-нің құрылтай құрамында бұрын Әміржан Нәбиев болған, кейіннен шығып кеткен.

Грат Строй

«ГРАТ-Строй»Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында 2004 жылы, 12 мамырда тіркеуден өткен.

Директоры – Сыдыков Абиш Алжанович. Құрылтайшысы жалғыз – Набиев Сарсен Садирович.

Бұл компания да Нәбиев Әміржанның компаниялары сияқты Алматы қаласы, Назарбаев даңғылы, 223-те орналасқан.

1

Кәсіпорын құрылыспен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы – 14 116 873 526 теңге, төлеген салығы – 236 615 146 теңге. Кәсіпорын биыл алғашқы тоқсанда едәуір табысқа жеткен, себебі 2024 жылғы төлеген салығы – 287 978 781 теңге. Құрылғалы бері мемлекет қазынасына 747 607 349 теңге ақша аударған. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Сәрсен Нәбиевтің Алматы қаласында былтыр тіркелген ATRIXVILLE дейтін тағы бір құрылыс компаниясы бар. Директоры да, құрылтайшысы да өзі. Бұл да Назарбаев даңғылы, 223-те орналасқан. Компания жаңадан құрылғандықтан әзірге қаржы айналымдары туралы мәлімет жоқ.

P.S. Жалпы «кәсіпкерлер тендер үшін билікке барады» деген сөз ел ішінде айтылып жүр. Шенеуніктердің өз атында болмаса да туыстарына тіркелген бірнеше компаниясы болатыны жасырын емес. Сол арқылы мемлекеттен миллиардтаған келісімшарт алып отыратыны да айдан анық. Әміржан Нәбиев те кәсіпкер. 10 жылдан бері қалалық мәслихат депутаты. Депутат деген ел мен билік арасында дәнекер болып, халықтың тұрмысын жақсартуға жұмыс істейтін сияқты еді. Бірақ «құрметті депутаттан» мұндайды байқамадық. Тек қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы сияқты түрлі іс-шараның қорытындысы туралы есеп беріп отырудан ары аспайды екен. Сонда ол да басқалар сияқты кәсібі үшін депутат болып отыр ма? Себебі Нәбиевтің тек қалалық әкімдіктен тендер алатынын тексеру барысында анықтадық.

Айтпақшы, сот мәселесі бойынша қалалық әкімдікке сауал жолдадық. Жауабын алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Тұрсынбек БАШАР