Зеленский: Ресей дрондары ұшағыма екі рет шабуыл жасауға тырысты
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің ұшқышсыз ұшу аппараттары Молдова аумағы арқылы ұшып, өзі мінген президенттік ұшаққа екі рет қауіп төндіргенін мәлімдеді. Бұл туралы ол CBS News телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Зеленскийдің сөзінше, алғашқы оқиға оның президенттік ұшағы Молдовада болған кезде тіркелген. Кейін Украинаға қайтар жолда ұшақ Кишинев арқылы өткенде, дрондар тағы да осы бағытта ұшқан.
Алғашқы жағдай 8 қыркүйекте болған
8 қыркүйекте Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стере Зеленскийдің Ослоға бара жатқан ұшағы ресейлік дронның шабуылына ұшырай жаздағанын айтқан. Оның мәліметінше, дрон ұшаққа өте жақын жерден өткен.
Кейін Украина президенті кеңсесіндегі дереккөз AFP агенттігіне ресейлік дронның Молдова мен Румынияның әуе кеңістігіне кіргенін растады. Алайда Зеленскийге тікелей қауіп төнді деген ақпаратты дереккөз «асыра айтылған» деп бағалаған.
Екінші оқиға көпшілікке бұрын айтылмаған
Зеленскийдің мәлімдеуінше, бірнеше күннен кейін Киевке Кишинев арқылы қайтып келе жатқан кезде бір немесе екі ресейлік дрон Молдованың әуе кеңістігіне қайта кірген. Бұл жағдай бұған дейін жарияланбаған.
Украина президенті сұхбат барысында Ресейдің «Герань» дрондарымен Киев-Варшава теміржол желісіне жасаған соққысына да тоқталды.
Зеленскийдің айтуынша, Ресей әскери басшылығы бұл бағытпен саясаткерлерден құралған ірі делегациясы бар пойыздың жүріп келе жатқанын білген. Оның пікірінше, осы себепті теміржол маңындағы нысанаға соққы жасалған.
Зеленский пойыздағы жолаушылар арасында АҚШ азаматтары да болғанын мәлімдеді. Ал бұған дейін БАҚ-та делегация құрамында тек еуропалық шенеуніктер болғаны хабарланған.