Руханият

Құймақұлақ

...Жазушы Ахат Жақсыбаев. Біз университетке оқуға түскенде «Бозарал» деген тұңғыш прозалық жинағын оқыдық.

 Ахат Жақсыбае

 «Лениншіл жас» қабырғасында жүргенде «Егес» романымен таныстық. Ал қаламгер ағаны жүзбе-жүз көріп, сәлем беруіміз, 1975 жылы қазіргі «Дәуір» баспасының ғимаратында болған еді. «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы ол кісі мұнда басылымның терім цехына жиі келіп, жұмыс үдерісін бақылап жүретін. Содан бастап мінезі ашық-жарқын, аққөңіл ағамызбен көңіліміз жарасып кеткен-ді.

Бізді таңғалдыратыны бұл кісінің қарапайымдылығы еді. Және айтқан сөзінде тұра білетін өзіндік өмір бағдарына ие жан екендігіне көз жеткізіп жүрдік. Кейін «Ақиқат» журналы редакциясында бірге қызмет істедік. Онда да талай адамгершілік қасиеттерін көріп, риза болғанымыз бар. Ахаң тәртіптің адамы-тын. Жалғандыққа жаны қас жан еді. Істеген ісі де, атқарған қызметі де таза болатын. Кім-кімге де жақсылық жасауға дайын тұратын.

Атақ-даңқ үшін алыспаған, ешкіммен айғай-ұйғайға барыспаған ол кісімен аталмыш басылымда еңбек еткенімізде, жоғарыдағы айтқандарымыздан басқа тағы екі қасиетіне көз жеткізгеніміз бар. Алғашқысы – керемет әңгімешілдігі еді. Оның негізі, кішкентай бала кезінен бастап, үлкендердің сөзін тыңдауға деген үйірсектігінде жатса керек. Олай дейтініміз, Екібастұзда тұратын ағасы Серіктің бірде Ахат ағаны редакцияға іздеп келгеніндегі бізбен арадағы әңгімесінде: «Інімнің туған жердің ой-шұқыры мен ел-жұрттың өткен-кеткеніне байланысты жайттардан білмейтіні жоқ. Жасында қарттардың қасында отырып алып, көнекөздердің айтқандарын қас қақпай тыңдайтын. Естігендерін ұмытпайтын ерекше қасиетіне қарап, сол кездері біз оны құймақұлақ атап кеткенбіз», – дегені бар. Кейіпкеріміздің бойындағы осы әдет, яғни әңгіме тыңдауға деген құштарлық есейгенде де өз жалғасын тауып, өмірлік ұстанымына айналды деуге болады. Олай дейтініміз, бұған Ахат ағаның «Ақиқат» журналындағы іс-шаралардан қолы босай қалған сәттерде бізге айтқан: «Мына сөзді «Лениншіл жаста» еңбек жолымды бастағанда Шерағаңнан естіп едім». «Ал әнеукүнгі деректі «Қазақ әдебиетінде» қызмет істегенімде Нығмет аға Ғабдулиннің айтқаны бар». «Енді сендерге «Жұлдыз» журналында жүрген кезімде Жазушылар одағы үйі фойесінде отырып Сәбең, Ғабиден ақсақалдардың сыр ғып шерткен оқиғаларын баяндайын», – деген сөздері куә.

Ахат Жақсыбаев
Фото: скриншот

 

Осы жерде атап айта кететін екінші жайт бар. Ол – өте қарапайым, жұпыны әрі елеусіз жүруге тырысатын Ахаңды атынан ат үркетін ағаларымыздың қай-қайсысының да өте жақсы көргендігі. Олар Мәскеу мен Ташкентке немесе өзіміздің Алтай мен Атырауға іссапар болса, одақ басшыларынан: «Бізбен бірге баруға мына жігіт қолайлы», – деп сұрап алатын болған. Оның себебі – кейіпкеріміздің бойындағы кішпейілділік пен елгезектітігінде, атақты адамдармен бірге жүргенде сол мүмкіндікті пайдаланып, өзінің жеке мәселелерін шешіп алсам деген бөгде ойдан ада тазалығында, сондай-ақ ол кісілердің жолда, қонақүйде айтатын әңгімелерін жалықпай ұйып тыңдайтын төзімділігінде еді.

Үлкендердің әңгімесін тыңдау бар да, оларды ұмытпай есте ұстап, кейінгілерге айта білу тағы бар ғой. Бұл өзі жатқан бір өзгеше өнер. Өйткені... Оған бейім жанның тіл байлығы... Соны баяндайтын адам жадының мықтылығы... Оқиғаларды сөз ететін кісінің шеберлігі... Осылардың барлығы кейіпкеріміз туралы оның ағасы Серік ақсақал айтқан бір ғана сөзде. Ол – «құймақұлақ» деген қысқа да нұсқа ұғымның ғажап күш-қуатында! Соның арқасында асқар таудай алыптарымыздың бойындағы адамгершілік үлгілері, сол дара дарындарымыздың ел мен жерге қатысты сөз еткен кейбір тың дерек, соны мағлұматтары Ахаң арқылы бізге жетіп отыр деп ойлаймыз. Енді осыларды баяндайық. Оқып көріңіздер.

«1972 жылы, – деді Ахат аға редакциядағы кезекті бір сыр-сұхбат барысында, – мен түркімен әдебиетінің классигі Кеминенің 200 жылдық мерейтойына Сәбең – Сәбит Мұқанов ақсақалдың көмекшісі боп бардым. Ондағы іс-шара алдында да, одан кейін де бізді қонаққа шақырушылар өте көп болды. Ертең елге қайтамыз дегеннен бір күн бұрын ол кісі жоғарыдағыдай құрметтің бәрінен бас тартып, рақмет айтты. Сөйтті де: «Мына жігіт екеуміз Небит Дагқа барамыз. Артық адамның керегі жоқ. Жүргізуші жолбасшы бола алатын шығар», – деп досы Берді Кербабаевтан көлік сұрады.

Мәшинеге мініп, Ашхабадтан шықтық. Сәбең үнсіз. Жазушының айтқан жері алыста.., тым алыста екен. «Елсіз, иен таудан бұл кісі не іздейді?» – деймін төңірегіме елегзи қарап. Сөйтіп отырғанда түс болды. Күн еңкейіп, кеш батуға жақындап келе жатты. Біз тау етегінен қырға, одан жақпартасты құз басына шықтық. Ары қарай көліктен түсіп, жаяу өрледік те, тас үңгір аузына келдік. Сонда ғана барып ағамыз: «Мына қақпатастың арғы жағында, – деді алқына дем алып тұрып, – төменге түсетін тепкішек бар. Сонымен жүрсең алдыңнан үлкен көл кездеседі. Сен соны барып көріп кел». «Сіз ше?», – дедім мен абдырап. «Мен оны бұрын екі-үш рет көргенмін. Сен тамашаласын деп әдейі ертіп келдім. Бар, бара ғой».

Мына сөзді естігенде не дерімді білмедім. Қатты толқығаным соншалық: «Рақмет!» – деген сөздің өзі аузымнан шықпай, көмейіме кептеліп қалды. Сондықтан: «Көңіліңізге шексіз ризамын!», – деп іштей күбірлеген күйі алға асыға адымдадым.

Үңгірдің қабырғасы кең, төбесі биік, ішіне шам орнатылыпты. Құдды жер астындағы метро стансасы сияқты. Тас баспалдақты жіңішке жол түпкірдегі көлге барып тіреледі екен. Суы жылы секілді. Ол толқын үстінен себезгілей көтерілген бозғылт будан анық байқалып тұр. Осы көріністерге қарап тұрғанымда, үлкен шам орнатылған жартастағы жазуға көзім түсті. Одан ұққаным: бұл жер елге сонау патша заманынан бері белгілі болып шықты. Үңгірдің ішіндегі тұзды скалактиттерге қаныққан ауаның көкжөтел мен демікпені емдейтіні, ал түкпірдегі көл суының денедегі қышыма, бөрткелдерден айықтыратыны айтылыпты.

Осыларды көремін деп үңгір ішінде көбірек жүріп қалыппын. Бір мезетте: «Сәбең күтіп қалды-ау...», – деген ой басыма сап түсіп, сыртқа тұра ұмтылдым. Кеткім келмейді, қарай бергім-ақ келеді. Бірақ... Сыртқа шықсам, Сәбең Небит Даг сілемдеріне ойлана қарап, сол орнында әлі тұр екен. Алғысымды айтып, құшақтағым келді. Өкінішке қарай, бата алмадым. Сөйтіп таудан төмен түскенде де, одан Ашхабадқа келіп, Алматыға жеткенде де қарт қаламгердің: «Сен көрсін деп әдейі алып келдім», – дегені ойымнан кетпей қойды».

Ахат Жақсыбаев пен Мағауин
Фото: ашық дереккөз

Ахаңнан мына естелікті естігенде: «Міне, үлкен кісілердің ықыласы. Қамқорлығы. Кеңдігі: «Мұндай аға буын өкілдерімен бірге жүргенде небір керемет нәрсенің көбін осылай көреді екенсің ғой», – деген ой келді. Расында солай емес пе?! Оған жоғарыдағы мысал анық дәлел.

Кейіпкеріміз келесі бір емен-жарқын отырыстағы сөзінде ақсақал жазушыларымыздың әңгімелерін тыңдағанда, ол көнекөздерден бұрын білмейтініңді, білсең де күмәнданып, екі ойлы болып жүрген жайттарыңның анық-қанығына толық көз жеткізетініңді айтқаны бар. Оған мысал ретінде 1975 жылы Ғабиден Мұстафин қариямен Қарағандыға барған сапарын сөз етіп, соны естіген әңгімедегі нақты дерекпен түйіндеген еді. Бұл 1942 жылдың қысында болған оқиға екен. Қазақстанның бір топ өнер шеберлері Солтүстік Батыс майданы жауынгерлеріне концерт қоюға барады. «Олардың қатарында үгітші міндетін атқарған жазушы мен де болған едім», – депті Ахат ағаға Ғабиден ақсақал. – 8-гвардиялық дивизияға келгенімізде, қызыл әскер Рамазан Елебаевқа жолығып қалдық. Жұрт білетін шығар, соғысқа дейін ол елге әншілігімен танылған азамат болатын. Міне, сол жігіт кешкі басқосуда: «Таяуда шығарып едім», – деп бізге гармонмен жаңа бір ән орындап берді. «Жас қабірдің басында» деген бұл туындының сазы бар ғой, енді сұмдық! Керемет! Кең диапазонмен шырқағанда денеңді дірілдетіп, көзіңе жас келтіреді. Іле-шала бойыңа жігер беріп, қайраттандырады. Бірақ сөзі әлсіз. Осыны байқаған концерттік бригадамыздағы атақты өнер иелері Елубай Өмірзақов пен Жүсіпбек Елебеков: «Айтары жоқ, ғажап ән! Өкінішке қарай, бәрін мұның сөзі бұзып тұр. Сондықтан сен осыған жаңа өлең мәтінін жаз», – деп қолқа салды. Әңгіме ретіне қарай айта кетейін, бұл кісілер менің оған ыңғайым бар адам екенімді білетін. Себебі үлкен әдебиетке келер алдындағы жолым «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген «Фаэтон» атты өлеңіммен басталған-тын. Содан хабары бар қос өнер шебері салмақ салып қоймаған соң «Тәуекел!», – дедім. Сөйттім де, екі-үш күн ойланып жүріп, қайырмасымен қосқанда төрт шумақ өлең жазып бітірдім. Оған «Жас қазақ» деген жаңа ат қойдым. Бұл майдан даласындағы шайқастарда күн сайын оққа ұшып жатқан боздақтардың рухына деген тағзым белгісі еді. Мәтін концерттік бригада мүшелеріне қатты ұнады. Оны біз елге қайтқанша жауынгерлер алдында бірде Рамазан Елебаев, келесіде Жүсіпбек Елебеков орындап, Алматыға Жүкеңнің өзі алып қайтты».

Иә... «Бұл әңгімеден нені біліп, аңғаруға болады?», – дейсіздер ғой. «Тың факт. Соны дерек. Осы мағлұматтар арқылы атақты туындының майдан даласында қалай өмірге келгендігі мен оны шығарған жауынгер әншінің өршіл рухқа толы шығармашылық әлеуетінен, сондай-ақ оған атақты жазушының кездесіп, екеуінің талант тегеурінімен «Жас қазақтың» өлмес өнер дүниесіне айналғандығынан хабардар болып отырмыз», – дер едік біз. Сондықтан да Ғабиден ақсақалдың айтқаны – қазіргі қай жасқа да үлгі боларлық әңгіме. Ғибрат аларлық естелік.

... Ахат ағаның қолы бос кездерінде айтатын әңгімелері көп.., тіптен көп-тін. Солардың ішіндегі ең тартымдысы академик Әлкей Марғұланнан естігендері еді. Атақты ғалымның тарих, археология және этнографияға қатысты жазған том-том еңбектері былайғы жұрттың қабылдауына ауыр ғылыми-зерттеушілік тұрғыдағы дүниелер ғой. Сондықтан ол кісінің ауызекі түрде айтқандарындағы танымдық дерек, фактілермен өрілген әңгімелер бүгінгі ұрпақ үшін өте керек-ақ рухани құндылықтар дер едік. Бұған көз жеткізу үшін Әлкей Хақанұлының кейіпкерімізге баяндаған бір ғана Олжабай батырдың өмірі төңірегіндегі беймәлім беттерге зер салып көрейік.

«Бала жастан мен өз өңірімізден шыққан атақты адамдар туралы көп естідім, – депті Әлекең 1978 жылы «Сарыағаш» шипажайындағы кешкі серуенде. – Соның ішінде Олжабай бабамызға келер болсақ... Бірде аруақты батырға Балқаш маңындағы ну қамыста жолбарыс қарсы келіп қалыпты. Сонда ол кісі астындағы атын қозғалтпай, айбынды аңға тәулік бойы көзін қадап тұрып алыпты. Сол шыдамдылық жолбарыстың мысын басып, оны кейін шегіндіруге мәжбүр етіпті. «Осылай деген қария: «Бала кезімде бізді төңіректегі жұрт: «Ала тудың ауылы», – деп қатты құрметтейтін», – дей келе Олжабай батырдан қалған мұраларды еске алған екен. Әңгіме иесінің айтуынша, үйлерінде бабасының сары ала туы болыпты. Ол бертінге дейін сақталыпты. Содан соң қалмақ қонтайшысы Ғалдан Сереннің Олжекеңе сыйға тартқан қойдың терісіндей қалың қағаздағы құжаттар... Бұрышына қызыл мөр басылған үш бума әбдіреде жатады екен. Әлекең бала кезінде оларды талай рет айналдырып көріп, жазуы не арабша, не кириллица емес болғандықтан оқи алмапты. 1927 жылғы Ленинградтағы Күншығыс институтына қабылданғанында, сондағы мұрағат қорына апарып өткізбекке бекінеді. Бірақ анасы Нұрила, «бабаңның мұрасы» деп бермейді. Кейін ашаршылықта ол кісі опат болғанда, жерлеуге қатысқан ауылдастары: «Бұл осы әулеттің дүниесі», – деп қабірге бірге көмеді. Ол уақыт елді есеңгіреткен нәубет жылдары ғой. Сондықтан зираттағы ана бейіті белгісіз боп, кейін Әлекеңе ешкім көрсетіп бере алмапты.

Олжабай батырдан қалған келесі белгі – жып-жылтыр жұмыр қара тас екен. Тегі метеорит болуы мүмкін. Кезінде ауыл адамдары оны қасиеті бар затқа балап, алысқа жол жүрерде саусақтарымен сипап аттанады екен. «Өкініштісі, – депті Әлекең, – осы қадірлі мұралар кейін жойылып кетті. Сақтай алмадық. Жоғарыда апамның қайтыс болғанын айттым ғой. Ол – 1931 жыл. Міне, сондағы қабірге көмілген дүниелер – жаңағы мен айтқандар. Соғыстан соң қорымды қазып көруге үш рет бардым. Бірақ зиратта тас үйілген бейіт көп болған. Солардың қайсысы менің анамдікі екенін білмей кері қайттым. Көңіліме медет тұтатыным – Олжекеңнің әскери қаруынан қалған бүкір қылыш, дулыға мен тұрмыста өзі тұтынып, пайдаланған шарайна мен күміс белдік. Әкем Хақанның сақтауында болған бұл дүниелерді Жаяу Мұса ашаршылықтан көп бұрын Омбы музейіне апарып тапсырған. Ондай жерге қабылданған жәдігерлер жоғалмайтыны анық. Бар болар деп ойлаймын».

Иә, – деген едік жоғарыдағы әңгімені тыңдап отырғанда біз ішімізден. – Егер Ахат аға атақты ғалыммен кездесіп, өзінің әдеттегі әңгіме тыңдауға деген әуестігімен ол кісіні сыр-сұхбатқа тартпаса, мына деректі біз естір ме едік, естімес пе едік? Әй, қайдам?!»

Ойымызды осылай деп жинақтап бола бергенімізде, есімізге кейіпкерімізбен 2018 жылы «Оқжетпес» шипажайында кездескендегі бір оқиға түсті. Онда ол кісі көптен бері армандап жүрген «Иса ақын» трилогиясын жазуға кіріскенін айтқан еді. Қаламгер оған 2003 жылдан бастап дайындық жүргізіп, өз өмірінің соңғы 15 жылында өршіл мінезді талант туралы түрлі мұрағаттардан 80-ге жуық құжат тауыпты. 25-тен астам замандастарының кітапта жазылып, теледидар мен радиода айтылған сөздерін көшіріп алып, 48 фотосурет жинастырыпты. Және... Ең ғажабы Иса Байзақовтың Алматыдағы Еділ, Махпуза атты ұл-қыздарынан тарайтын ұрпақтарынан басқа Семей, Қарағанды, Керекуге арнайы барып: «Кезінде атамыз, әкеміз Иса ақынмен мынадай жағдайда кездесіп, ол кісіні көрген. Сонда мұншама ән айтып, өнер көрсеткен. Көз көргендердің айтуынша бойында төмендегідей ерекше қасиеттері бар екен», – деген 32 адамға жолыққан. Сөйтіп бұлардың естіген-білгендерін ерінбей-жалықпай тыңдап, құлағына құйып алумен болған.

Мұны біз Ахаңның осы мақаламызға тақырып етіп алған әңгіме тыңдауға құмарлығына байланысты оны толықтырып, байытар мағлұмат ретінде айтып отырмыз. Иә, бұл өзі – үлкен ерекшелік. Өйткені оған қаншама төзімділік, табандылық, зейін және уақыт керек десеңізші!.. Ал сондағы әр тыңдағаныңды өз бойыңа сіңіріп, қабылдау, жадында сақтап, реті келген жерде ынталы жандарға қысқа да нұсқа түрде айтып отыру немесе солардың сөлін жоғарыдағы «Иса ақын» секілді шығармаға сығып-сығып пайдалану... Ал бұл – тіпті үлкен қабілет! Айтайық дегеніміз, жазушы Ахат Жақсыбаевта осы қасиет молынан бар еді.

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз