Құжаты жоқ өлген мал үшін өтемақы қалай төленетіні айтылды
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында су тасқынында қырылған құжатсыз мал үшін өтемақыны қалай алуға болатынын айтты.
Министрдің айтуынша, бұл мәселеге қатысты арнайы комиссия құрылған. Ал малына құжаты барлардың шығыны бюджеттен өтеледі.
«Енді малына қағаз құжаты болмаса, тіркелмесе, алгортимде 3 куәгер болуы керек деп жазылған. Олар – көршісі, учаскелік полиция инспекторы, ауылдық округтің әкімі. Олар барлығын дәлелдейді. Содан кейін құжат толтырады да, қорлар немесе демеушілер, компаниялар есебінен мал шығыны өтеледі. Мысалы, бүгінде Қарағанды облысы шығынды демеушілер есебінен жауып тастады. Сол сияқты Ақтөбе, Қостанай облыстары да жұмыс жүргізіп жатыр. Яғни ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Президенттің тапсырмасы бар. Барлық шығын өтеледі», - деді Сапаров үкіметте өткен брифингте.
Министр 138 мың 800 бас мал су тасқынынан аман қалғанын айтты.
«Бұл – үлкен жұмыс. Халық, ветеринарлар, ТЖМ – барлығы бірігіп, осы жұмысты істеді. Өлген малдың саны – 9 761. Оның 98 пайызына утилизация жасалды. Бүгінде 4 801 бас малдың шығыны өтелді, 1 млрд 198 млн теңге төленді. Бұл жұмыс жалғасады», деді ведомство басшысы.
Фото: ТЖД