"Kyzdar.net" сайты арқылы жеңгетайлық жасады деген күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Қазақстанға трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жеңгетайлық жасады деген күдікке ілінген Өзбекстан азаматы экстрадицияланды.
Операцияны Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырған.
Тергеу мәліметінше, күдікті топтың өзге мүшелерімен бірге "Kyzdar.net" интернет-ресурсында сексуалдық қызмет көрсететін адамдардың анкеталарын жарнамалауға қатысқан. Олар аталған адамдардан сайттағы анкеталарының шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдап, қызметтерін ілгерілетумен айналысқан деген болжам бар.
Топ мүшелері түскен қаражаттан комиссиялық сыйақыны ұстап қалып, қалған соманы сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, заңсыз схеманың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.
Қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал кейбір қатысушысы, соның ішінде осы күдікті де тергеуден жасырынғаны үшін халықаралық іздеуге жарияланған.
Биыл шілдеде әйел Грузияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
Қылмыстық әрекеттері дәлелденген жағдайда күдікті мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.