«Латын әліпбиіне көшу – тілге жаңа серпін»
Биыл тағы да жыр болған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңаруына ықпал етеді екен.
Алайда латын әліпбиіне көшу төңірегінде айтыс-тартыстар әлі толастаған жоқ. Бірі латынның жазуында кедергілер жеткілікті екенін айтса, енді бірі бұл Ресей ықпалынан шығатын ең тиімді жол деп түсінеді.
Латын әліпбиіне көшу саясат мүддесі ме?
2017 жылы 12 сәуірде экс-президент қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру туралы сөз қозғаған еді. Содан бері төрт жылға жуық уақыт өтсе де, латынның әлі лайықталар түрі көрінбейді. 28 қаңтарда «әліпбидің кезекті нұсқасы дайын» деп дабыл қаққанымен, латын әліпбиіне көшу үшін тағы да екі жыл уақыт керегі айтылды. Жаңа қаріпке бет бұру 2023-31 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Созбаланған латынның сонша күттірген жұмысы қандай нәтиже бермек? Жалпы, биліктің латын әліпбиіне көшу туралы саяси шешім қабылдауы заман талабы ма, әлде саясат мүддесі ме?
Бұл туралы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов жаһандық үдерістерде саясат, мәдениет және ақпарат араласып жүргенін айқын аңғаратын болсақ, онда латын әліпбиіне көшу сол заман талаптарына жауап дейді. Айтуынша, кезінде қазақ жазуының кирилл әліпбиінде болуы Ресей, кеңестік империялардың мүдделерімен тікелей байланысты болса, латын әліпбиіне көшу осы геосаяси аймақтан жалпығаламдық кеңістікке өту екенін алға тартты. «Әліпбиге көшудің жалпы тарихы, оның ішінде ХХ ғасырда үш рет өзгерген қазақ әліпбиінің тарихына үңілсек, онда негізінен саясаттың тікелей араласқанын анық аңғарамыз. Қазіргі әліпби реформасына келсек, ең алдымен тілдік факторларды алға тартар едік. ХХІ ғасырдағы адамзат дамуының үрдісінде мемлекеттер мен халықтардың мүдделері бұрынғыдан да тартысты контексте жүруде. Алпауыт елдердің саяси-экономикалық және мәдени ықпалы мен мүддесі күшеюде. Әсіресе жаңа технологиялар мен ақпараттың рөлі еселеп артқанын көріп отырмыз. Қазақстан сияқты тәуелсіз мемлекет те осындай ғаламдық үдерістердің баяны мен бағдарын аңдап, өзінше қимыл-әрекет жасауы тиіс. Осындай негізгі әрекеттің бірі – қазақ
тілін латын әліпбиіне көшіру бастамасын үлкен жаһандық үдерістерге тікелей жауап беретін қадам деп бағалаған жөн», – дейді Е.Тілешов.
Ал саясаттанушы Сапарбай Жанғалиев латын әліпбиіне көшудің астарында үлкен саясат пен экономика жатқанын айтады. Бұл рухани құлдықтан шығудың бір жолы болмақ дейді. «Қазақстан басынан детоталитаризация мен деколонизация кезеңін әйтеуір өткізетіні анық. Сондықтан латын қарпіне қадам басуда саясаттың салмағы басым. Бұны Ресейдің үстемдігінен алшақтау құралы ретінде пайдаланып, жалпы түркі халықтарымен бас қосудың бастамашысы ретінде жүзеге асырмақ. Қазақ тілінің латынға көшуі – тек қазақтардың шаруасы. Сондықтан бұны көпұлтты мемлекетпіз, олар қалай қабылдайды деп қам жемей, ұлттық мүддемізге сай қадамдар жасауымыз керек. Яғни өзімізге ыңғайлысын таңдауымыз керек», – дейді саясаттанушы.
Тіл мәртебесі түбімен жойылмақ па?
Шетелдік ғалым Гога Хидаятов әліпби ауыстыру «экс-президенттің саяси ойыны» екенін айтқан. Сөзінше, қазақ тілін әлі толық білмейтін халықты латын әліпбиіне мәжбүрлеу тілдерін мүлдем өшіріп алуына апарып соғады дейді.
Осы тұрғыда Ербол Тілешов латынға көшіп, қазақ тілін үйрену қиынға соғады деген сылтау деп біледі. Керісінше, әлемде таңбалары танымал әліпбимен тіл үйренуге жеңіл болатынын айтады. «Әлбетте, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі өзінің толық мәртебесіне көтерілмеген шақта жаңа әліпбиге көшу біразымызға «қалай болар екен» деген сауал тудырады. Егер тілді меңгеру әліпбиге тікелей қатысты болса, онда осы кирилл әріптеріндегі әріптермен неге қазақ тілін үйреніп алмады немесе әріптердің өзгергеніне қарамастан, балаларымыз бен жастарымыз ағылшын, қытай тілдерін үйреніп жатқан жоқ па?! Осы реттен келсек, тіл үйрену тікелей таңбалық жүйеге байланысты емес екенін байқаймыз. Қазіргі ғаламдық үдеріс кирилл таңбаларының емес, латын таңбаларының танымалдығын арттыруда. Біз латын әліпбиіне ресми түрде көшпесек те, қоғамдық және тұрмыстық өмірімізге бұл әліпби әбден еніп алды. Көшедегі жарнамаларды, мекеме көрсеткіштерін, көліктердің маркаларын, сауда үйлеріндегі тауарлардың брендтік атауларын қараңыз, көбісі латын әліпбиінде. Үйдегі тұрмыстық заттарыңыздағы жазулар тағы да латында. Сондықтан латын әліпбиі қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясының кеңеюіне бөгет болмайды деп ойлаймын», – дейді ол.
Қай елдің тәжірибесінен сыр тартпақпыз?
Мемлекетті латын әліпбиіне көшіруді жақтайтын мамандар басты аргумент ретінде заманауи озық технологиялар, әлемдік соңғы үлгідегі техникалар мен сауда брендтері, компьютер қызметтері толығымен латын тілінде екенін алға тартып, қазақ тілі заман көшіне икемсізденіп, өркениеттен алыстап барадыға салып отыр. Яғни қазақ тілін латын алфавитіне аударса, жаңа реформаларға мүмкіндік туып, индустрия дамымақшы. Мейлі делік. Бірақ елді толық жаңа қаріпке көшіру оңай оңалатын іс емес. Бұл тұста қай елдің тәжірибесіне сүйенеміз?
Осы тұрғыда Сапарбай Жанғалиев әлемдік дамыған мемлекеттермен тереземіз тең болу үшін алфавит ауыстыру міндетті емес дейді. Себебі танымал жетекші компаниялар латын әрпін қолданбай-ақ әлемдік деңгейге өз иероглифтерімен байланысқа шығатын көрінеді. «Мысалы, техника жағынан алдыңғы шектегі Жапония, Қытай, Корея елдері өз алфавиттерімен біраз биікке өрледі. HONDA, SONY, LENOVA, SAMSUNG компанияларының жетекшілері болып табылатын аталмыш елдер өз төл жазуын компьютерлерінен алып тастамай-ақ әлемге танымал брендтерге айналған. Сондықтан өркениетте өсім керек дейтін болсақ, осы елдердің тәжірибесіне зер салуымыз керек», – дейді саясаттанушы.
Бірақ бізде кімге қарап бой түзеу керегі шешіліп қойған. Ербол Тілешовтың айтуынша, латын әліпбиіне көшу туралы талқы барысында Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің латын әліпбиіне көшу тәжірибелері ескерілген. Алайда Қазақстандағы жағдайды аталған елдермен салыстыруға келмейтінін айтады.
— 2020 жылы әліпбиді жетілдіру жұмыстары барысында біз Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Молдовадағы Ғағауыз автономиясы және Ресейдегі Татарстан, Башқұртстан, Хакасия, Якутия, Тыва Республикалары ғалымдарының қатысуымен екі рет семинар-кеңес өткіздік. Ол ағайындармен үнемі байланыстамыз. Сонымен бірге интернет кеңістігі арқылы ой бөлісіп тұрамыз.
Осылардың ішінде әліпби енгізудің ілгерінді тәжірибелері Әзірбайжан Республикасында екенін аңғардық. Олар үш әліпби, төрт емле-ереже ауыстырды. Осыдан байқағанымыз, бұл мәселеде бірден және түпкілікті шешім қабылдаудың оңай еместігі. Мәселе кейбір ағайындар ойлағандай оңай болса, жақсы еді ғой. Әзірбайжан халқының 90 пайызы әзірбайжандар және біз сияқты емес, олардың бәрі ана тілдерін біледі, өз тілдерінде сөйлейді, жұмыс істейді. Жалпы, Әзірбайжанның тіл білімі, ғылымы да жақсы дамыған.
Егер әліпби өзгерту, оның емле-ережелерін бекіте салу оңай болса, жақсы болар еді. Бірақ тіл өте күрделі, бір жазу жүйесінен екінші жазу жүйесіне көшкенде аралық қиындықтар болып тұрады. Осыны ұғынбай немесе ұғынғысы келмей, даурығып пікір айтатындар тағы болады. Бір мәселеге баға беру үшін сол құбылыстың қаншалықты күрделі екенін жақсылап ұғынып алған жөн, – дейді Ербол Тілешов.
«Латын әліпбиіне көшу – болашақты жоғалту»
Тәуелсіздік алғалы бері құр сөз болып келген латын әліпбиінің басты қағидасы «бір дыбыс – бір әріп» екені белгілі. Биыл ұсынылған жаңа нұсқада қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылғаны айтылды. Алайда әріптерімізді азайтамыз деп, болашағымызды бұлыңғыр етіп, тарихымызды өшіріп алмаймыз ба? Бұл туралы саясаттанушы Сапарбай Жанғалиев тарихымызды енді айқындап келе жатқан кезде латын қарпіне ауысу теріс қадам басушылық екенін айтады. «Өзбекстан мен Әзірбайжан елінің латын әліпбиін қабылдауын мысалға алсақ, олар бұрынғы жазылған тарихын түсіне алмай әлек болып жүр. Себебі латын қарпіне ауысқаннан кейін кириллицаны ұмытып, сол қаріпте жазылған дүниелерін оқи алмай жүр. Біз де сол елдердің күйін кешуіміз мүмкін. Латынға көшу арқылы тарихымызбен қош айтысып, болашағымызды жоғалтамыз ба деп қорқамын», – дейді ол.
Ал Ербол Тілешов, керісінше, латынға ауысу бізге жазуымызды артық таңбалар мен ережелерден арылтуға мүмкіндік беретінін айтады. Сөзінше, кейбір азаматтар латын әліпбиінің ілгерінді жақтарын ұғынбай жүрсе, оны өткінші көңіл күй, бүгін болмаса, ертең түсінеді дейді.
— Біріншіден, осы басы артық нәрселер тіліміздің ішкі жүйесін бұзып келді. Соның нәтижесінде тіліміздің тұтас ағзасына зияны тиді. Осыдан құтылуымыз керек пе, әлбетте, керек. Екіншіден, кирилл таңбасы араласқан жазуларымыз санамызға әсер етті. Өйткені тек қатынас немесе ақпарат құралы ғана емес. Тіл – халықтың жады, философиясы, психологиясы, айналып келгенде, оның ұлттық дүниетанымының тікелей көрінісі. Осыған кириллдің әліпбиіміздегі артық таңбалары әсер етті ме, әрине, әсер етті. Танымымызды өзгертті. Үшіншіден, әлемдік жазу жүйесінде кирилл әліпбиінің үлесі 3 пайыз болса, латын жазуының үлесі 36 пайыз және латын жазуының үлесі көбею үстінде, керісінше, кириллдің үлесі азаюда. Сонда біз көбейіп, дамып жатқан үдеріске енуіміз керек пе, әлде күйі кетіп, азайғанға жармасып отыруымыз керек пе?! Жауап түсінікті ғой деп ойлаймын. Төртіншіден, ғылым мен технология жаңалықтарының 70 пайыздан астамы латыннегізді әліпбилерде жасалады екен. Мұндағы кириллдің үлесі 1 пайызға да жетпейді. Бесіншіден, ғылым мен технологияның шартты таңбалары мен символдары, банк жүйесі, халықаралық байланыстар – барлығы да латын әліпбиінде, – дейді ол.