Алтыннан кейінгі бизнес: Вагнер Африкада трамадол сатып жүр ме?
Евгений Пригожин мінген ұшақ құлағаннан кейін көпшілік «Вагнер» жеке әскери компаниясының тарихы аяқталды деп ойлаған.
Расында, ұйым бұрынғы қалпында қалмады. Бірақ оның Африкадағы ізі де, ықпалы да жоғалып кеткен жоқ. Керісінше, бұрынғы вагнерліктердің бір бөлігі Ресей Қорғаныс министрлігі құрған «Африка корпусы» құрамына өтсе, енді бірі Орталық Африка Республикасында (ОАР) бұрыннан қалыптасқан байланыстары мен бизнесін сақтап қалды.
Бүгінде Африкадағы бұрынғы вагнерліктер жай ғана жалдамалы әскер емес. Олар алтын кеніштерін күзетеді, жергілікті биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, әскери дайындық жүргізеді. Ал соңғы кезде олардың аты тағы бір даулы кәсіппен қатар атала бастады. Батыс басылымдары мен АҚШ барлау қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұрынғы вагнерліктер Орталық Африка Республикасында трамадолдың заңсыз саудасына араласқан.
Трамадол – ауырсынуды басатын дәрі. Дәрігерлер оны операциядан кейін немесе қатты ауырсыну кезінде тағайындайды. Бірақ жоғары дозада қабылданғанда адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, тәуелділік тудырады. Сол себепті кей елдерде бұл препаратты «кедейлердің кокаині» деп те атайды.
Африка Ресейге не үшін керек?
Соңғы он жылда Ресей Африкадағы ықпалын күшейтуге ерекше мән беріп келеді. Оның себебі түсінікті. Құрлық табиғи ресурстарға аса бай. Мұнда алтын, алмас, уран, мұнай, литий секілді стратегиялық шикізат мол.
Мәскеу көптеген елдерге тікелей әскер жіберудің орнына «Вагнер» сияқты жеке әскери құрылымдарды пайдаланды. Схема қарапайым еді. Билікке қауіп төніп тұрған мемлекетке әскери көмек ұсынылады. Президенттің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Әскер жаттықтырылады. Есесіне жер қойнауын игеру құқығы беріледі.
Осы тәсілдің арқасында Вагнер Судан, Ливия, Мали және әсіресе Орталық Африка Республикасында берік орнықты.

Алтын күзеткендер
Орталық Африка Республикасы – Вагнердің Африкадағы ең маңызды тірек нүктесі саналады. 2018 жылдан бері бұл елде ресейлік жалдамалылар президент Фостен-Арканж Туадераның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар алтын мен алмас кеніштеріне жақын орналасқан аумақтарды күзетуге, жергілікті әскери операцияларға қатысуға араласты.
Көптеген халықаралық зерттеулерде Вагнермен байланысы бар құрылымдардың елдегі ірі алтын кеніштері мен алмас өндіретін компанияларға ықпал еткені айтылады. Сарапшылардың пікірінше, Африкадан шығарылатын алтын Ресей үшін тек экономикалық емес, санкцияларды айналып өтудің де бір құралына айналған.
The Blood Gold сараптама орталығының бағалауынша, «Вагнер» жеке әскери компаниясының (ЖӘК) Судан, Орталық Африка Республикасы (ОАР) және Малидегі табысты қызметі 2022 жылдың ақпанынан бері айына шамамен 114 миллион доллар кіріс әкелген. Жалпы алғанда, Украинадағы соғыс басталғалы бері «Вагнерге» қатысы бар құрылымдар Африкада 2,5 миллиард долларға дейін табыс тапқан болуы мүмкін.
Зерттеу авторларының айтуынша, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс елдерінің қатаң санкцияларына ұшыраған кезеңде Африкада өндіріліп, халықаралық нарықтарда заңдастырылған алтын Ресей мемлекетіне миллиардтаған доллар әкелген. Бұл қаржы соғысты жалғастыру үшін аса қажет ресурстардың біріне айналған.
Сарапшылардың пікірінше, Африкадан өндірілген алтын Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тікелей және жанама түрде қаржыландыруға пайдаланылған.
Әр елдегі қаржыландыру тетігі
Зерттеушілер «Вагнердің» Африкадағы әр елде қалай табыс тапқанын жеке-жеке сипаттайды.
Малида, АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, әскери хунтаны қорғап, жиһадшы топтарға қарсы күреске қатысып жүрген шамамен 1000 ресейлік жалдамалы сарбаз жергілікті биліктен ай сайын 10,8 миллион доллар қолма-қол ақша алады.
Мали билігінің негізгі табыс көздерінің бірі – халықаралық тау-кен компаниялары. Соның ішінде канадалық Barrick Gold компаниясы елдегі ең ірі салық төлеуші саналады. Тек 2023 жылдың алғашқы алты айында ол Бамако билігіне 206 миллион доллар төлеген.
Орталық Африка Республикасында «Вагнер» елдегі ең ірі алтын кеніші саналатын Ндассима кен орнын игеруге эксклюзивті құқық алған. Қазір бұл кеніштен өндірілетін алтынның жылдық құны 290 миллион доллар деп бағаланады.
Суданда «Вагнер» ірі алтын өңдеу зауытын бақылауға алып, өңделмеген алтынның негізгі сатып алушысы әрі экспорттаушысына айналған.
Зерттеуде Кремльмен байланысы бар құрылымдардың он жылдан астам уақыт бойы Судан алтынын ауқымды көлемде экспорттағанына көптеген дәлелдер бар екені айтылады. Соған қарамастан, Суданның сыртқы сауда статистикасында Ресейге алтын экспорты нөл деп көрсетілген.
Алайда CNN алған Судан орталық банкінің деректеріне сәйкес, 2021 жылы елде кемінде 32,7 тонна алтынның ізі жоғалған. Сарапшылар бұл тапшылықтың негізгі себебі ретінде «Вагнер» ұйымдастырған алтын контрабандасын атайды.

Жаңа табыс көзі – трамадол
Алайда соңғы айларда бұрынғы вагнерліктердің аты алтынмен ғана емес, трамадолмен де қатар атала бастады.
The Wall Street Journal басылымының зерттеуіне сәйкес, Орталық Африка Республикасында қалған бұрынғы вагнерліктер жоғары дозалы трамадолдың заңсыз айналымынан табыс тауып отыр деген күдік бар. Басылым АҚШ барлау қызметінің деректеріне сүйеніп, препараттың Үндістаннан жеткізіліп, Конго арқылы ОАР-ға өтетінін жазады.
Зерттеуде трамадолдың алтын кеніштерінде жұмыс істейтін адамдар арасында кең таралғаны айтылады. Кейбір қарулы топтардың мүшелері де оны ұзақ уақыт ұйқысыз жүру немесе қорқыныш сезімін басу үшін қолданады деген мәлімет келтірілген.
Егер бұл ақпарат толық расталса, бұрынғы вагнерліктер үшін трамадол алтыннан кейінгі ең табысты бизнестің біріне айналған болуы мүмкін.