Сталкингтің салдары: Нұрай Серікбайды өлтірген күдікті қанша жылға сотталуы мүмкін?
Биыл 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбай үйінің маңында кісі қолынан қаза тапты.
Тергеу нұсқасы бойынша, бойжеткенге шабуыл жасаған күдікті оны бірнеше ай бойы аңдыған, еркінен тыс некеге мәжбүрлеуге әрекеттенген және полицияға жеткізілгеннен кейін де қудалауын тоқтатпаған. Қоғамдық резонанстан соң Шымкент полициясының басшылары қызметінен алынды. Күдіктіге сот-психиатриялық сараптама жүргізіліп, оның есі дұрыс деп танылды. Енді іс сотқа жетіп, прокурор айыптау актісіндегі осыған дейін жарияланбаған деректерді оқыды. Ал сотталушы Шерхан Аймахан тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамай отыр.
Қудалау қалай басталды?
Нұрай Серікбай мен Шерхан Аймахан өткен жылы 25 шілдеде Шымкенттегі отбасылық мерекелердің бірінде танысқан. Кейін олар Instagram арқылы сөйлесіп, араласа бастаған. Нұрай Алматыда білім алып жүрген кезде де Ш.Аймахан онымен байланысын үзбеген. Біршама уақыттан соң ол бойжеткенге үйлену туралы ұсыныс жасаған. Алайда Нұрай отбасын құруға әлі дайын емес екенін айтып, ұсыныстан бас тартқан.
Прокурор Мадияр Әбілқасымов сотта оқыған айыптау актісіне қарағанда, бойжеткен бас тартқаннан кейін де Ш.Аймахан райынан қайтпаған. 2025 жылы қазанда ол Нұраймен кездесу үшін Алматыға барған. Кейін екеуі көлікке отырған кезде Нұрай басқа қалаға апара жатқанын білмеген. Жолдың Шымкентке бағыт алғанын түсінгенде, Ш.Аймахан оған қарсылық көрсетсе немесе әлдекімге хабарласуға әрекеттенсе, жол апатына ұшыраулары мүмкін екенін айтып қорқытқан. Осылайша Нұрай күдіктінің Шымкенттегі үйіне жеткізілген. Айыптау актісінде ер адамның туыстары оның қылмыстық ниетін білмегені көрсетілген. Нұрайды келін түсіру рәсімі өткізілетіндей қабылдағанымен, отбасы мұндай шараға дайын болмаған. Сондықтан қызды уақытша басқа үйге апарып, кейін қайта әкелген.
Нұрайдың бауырлары болған жағдайды естіген соң Ш.Аймаханның үйіне барған. Сол жерде қарындасы: «Мені алып кетіңіздерші, мұнда өз еркіммен келген жоқпын!», – деп көмек сұраған. Алайда үйде адам көп болғандықтан, ағалары оны бірден алып шыға алмаған. Содан кейін полиция шақырылып, Нұрай Серікбай мен Ш.Аймахан полиция бөліміне жеткізілген. Полиция бөлімінде күдікті қызды енді мазаламайтынын айтқан. Бірақ прокурордың сөзінше, уәде орындалмаған. Ол Нұрайдың Алматыдағы жалдамалы пәтеріне бірнеше рет барған. Бойжеткеннің ол мекенжайда тұрмайтынын анықтағаннан кейін Шымкенттегі үйін аңдуға көшкен.
Мемлекеттік айыптау тарапы Ш.Аймаханның Нұрайға үнемі қоңырау шалып, кездесуге мәжбүрлеуге тырысқанын айтады. Сот залынан жеткен деректерге қарағанда, күдіктінің небәрі екі сағат ішінде бойжеткенге 76 рет телефон соққаны айтылды. Қудалаудан кейін Нұрай телефон нөмірін өзгертуге мәжбүр болған.

35 мәрте пышақтаған...
Нұрай ісі Қазақстанда сталкингке қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен кейін қозғалған ең резонансты істердің біріне айналды. Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы адамның еркіне қарсы онымен байланыс орнатуға немесе оны аңдуға бағытталған, елеулі зиян келтірген заңсыз қудалауды «сталкинг» деп атайды. Бұл бап былтыр қыркүйекте күшіне енген. Бірақ заңның қабылдануы мен оның адамды іс жүзінде қорғауы – екі бөлек мәселе. Нұрайдың оқиғасында полицияға жүгіну де, нөмір ауыстыру да, кездесуден үздіксіз бас тарту да қауіптің бетін қайтара алмаған. Мұның соңы қалай аяқталғанын көрдік.
Биыл 11 қаңтарда Нұрай үйінен дүкенге шыққан. Айыптау нұсқасына сәйкес, Ш.Аймахан оны үй маңында күтіп тұрған. Ол Нұрайға саябаққа бірге баруды ұсынған. Бойжеткен үйіне қайтып бара жатқанын айтып, ұсыныстан бас тартқан. Прокурордың айтуынша, осыдан кейін күдікті Н.Серікбай Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлердің арасымен өтіп бара жатқанда қуып жетіп, алдын ала дайындаған қарумен шабуыл жасаған. Айыптау актісінде алғашқыда бес-алты соққы жасалғаны айтылады. Нұрайдың дауысын естіген куәгер оқиға орнына жақындаған кезде күдікті қашқан. Алайда прокурордың нұсқасы бойынша, ол қылмыс орнына қайта оралып, жерде жатқан Нұрайға тағы да пышақ сұққан.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Нұрайға жалпы саны 35 мәрте пышақ жарақатысалынғанын мәлімдеді. Кейін Ш.Аймахан оқиға орнынан қашып кеткен. Екі күннен кейін, 13 қаңтарда ол Шымкенттен шамамен он шақырым жерден ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.
Нұрайдың бауыры Сұлтан Серікбайдың айтуынша, айыпталушы қылмыс кезінде «Кизляр» маркалы аңшы пышағын пайдаланған. Нұрайдың ағасы бұл қарудың көлемді әрі берік болаттан жасалғанын, ауыр жарақат салу әрекеттеріне арналғанын атап өтті. Оның сөзінше, сотталушы алдымен Нұрайға алты рет пышақ салған, куәгер келіп қалған соң қашуға әрекеттенген, бірақ ол қайта оралып, бойжеткеннің денесіне тағы 30 шақты жарақат салған.
«Беті адам танымастай болып өзгерген, бүкіл денесі жараланған. Оны тану мүмкін болмады», – дейді Сұлтан Серікбай.
Нұрайдың өлімі бір отбасының қасіреті шеңберінен шығып, бүкіл ел талқылаған мәселеге айналды. 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іске арнайы тоқталды. Себебі Құрылтайға Нұрай ісіне байланысты 130-дан астам өтініш түскен. Президент күдіктінің бойжеткенді аңдып, қорқытқаны анықталғанын, оның соңы адам өлімімен аяқталғанын айтып, Шымкент полициясы қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді Ішкі істер министріне тапсырды. Бас прокурорға істі бақылауға алу міндеттелді. Тоқаев қыз алып қашуды ұлт абыройына нұқсан келтіретін «өрескел әрі жабайы қылмыс» деп бағалады. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Бірқатар лауазымды қызметкер ішкі істер органдарынан қуылды. ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті Нұрайдың жақындарының өтінішін тиісті деңгейде қарамаған Қаратау аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады.
ІІМ басшылығы полиция қызметкерлерінің некеге мәжбүрлеу туралы мәліметті тіркемегенін және қылмыстық іс қозғауға уақытылы әрекет жасамағанын мойындады.
Күдіктінің ақыл-есі дұрыс па?
Тергеудің келесі даулы кезеңі Шерхан Аймаханның психикалық денсаулық орталығына ауыстырылуына байланысты болды. Сұлтан Серікбай күдіктінің тергеу изоляторынан Талғардағы психиатриялық орталыққа жеткізілгенін айтып, оның психикалық ауытқуы бар адам ретінде танылып, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенді. Отбасының бұл алаңдаушылығы түсінікті еді. Қылмыс жасалған кездегі адамның ақыл-есінің жай-күйі оның қылмыстық жауапкершілігіне тікелей әсер етеді. «Ақыл-есі дұрыс емес» деп танылған адамға жаза орнына медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.
Алайда 30 сәуірде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптама аяқталғанын хабарлады. Сараптама қорытындысы бойынша Ш.Аймахан есі дұрыс деп танылған. Вице-министр оның заң алдында толық жауап беретінін және істің аяқталуға жақындағанын айтты. Бұл қорытынды отбасының «психикалық ауру арқылы жазадан жалтаруы мүмкін» деген алғашқы қаупін сейілткендей болды. Бірақ «істің баптары өзгеріп, жаза жеңілдеп кетуі мүмкін» деген тағы бір алаңдаушылық бар.
12 маусымда Нұрай отбасының адвокаты Аянхан Омаров сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлады. Жәбірленуші тарап қылмыстық істің жеті томымен танысып, көшірмелерін алған. Қалған процесс қатысушылары материалдарды қарап болғаннан кейін іс прокуратураға жолдануға тиіс еді. Шілде айының басында іс прокуратураға өтті. Алайда Сұлтан Серікбай мен адвокат Аянхан Омаров материалдармен танысу кезінде елеулі кемшіліктер анықталғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, жәбірленуші тарап бұған дейін берген бірқатар өтінішхат мүлде қаралмаған. Осыған байланысты отбасы прокурорға шағым түсіріп, істі қосымша тергеуге қайтаруды және анықталған заңбұзушылықтарды жоюды талап етті. Сондай-ақ Бас прокуратурадан істі ерекше бақылауда ұстауды сұрады. Туыстардың ең үлкен алаңдаушылығы – іс сотқа жеткенше сталкинг пен некеге мәжбүрлеу баптары айыптау актісінен алынып тасталуы мүмкін деген қауіп. Өйткені бұл екі эпизод қаңтардағы адам өлтіруді оған дейінгі ұзақ қудалаудан бөліп қарамауға мүмкіндік береді.
Ақырында сотқа үш айып та жіберілді: ҚК-нің 125-1-бабының 1-бөлігі – некеге тұруға мәжбүрлеу; ҚК-нің 115-1-бабы – сталкинг; ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – аса қатыгездікпен адам өлтіру.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сот кінәлі деп таныған адамға 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Соңғы шешімді сот дәлелдер мен тараптардың уәждерін зерттегеннен кейін қабылдайды.

Сұлтан Серікбай: Сот қандай шешім қабылдаса, сол қоғамның бейнесін көрсетеді
– Нұрайдың ісі сабақ болсын десек, бүкіл адамға тең қарайық. Адамның деңгейіне, ақшасы мен байлығына қарамау керек. Бәрі тең болсын. Қоғам өзгермесе, өкінішке қарай, ештеңе өзгермейді. Ісіңде әділ болмасаң, тиянақты жасамасаң болмайды. Мысалы, біздің жағдайда біз прокуратураға да бардық. Шыны керек, басында олар бұл іске селқос қарады. Арыздың бәрін Нұрайдың өзі жазған еді. Полицияға да хабарластық, алайда ештеңе өзгермеді. Осы жағдайдан кейін ғана енді қозғалып жатыр. Біздің қоғамның дерті сол, қайғылы жағдай болып, дүрбелең туғанда ғана жауапты органдар әрекет ете бастайды. Нұрайдың қазасы біраз істің қозғалуына себеп болды. Мысалы, жақында ғана қыз алып қашқан 3 адам ұсталып, сотталды. Мұндай жағдайды бірінші рет көрдім. Бұған дейін мұндай қылмыстар тып-тыныш жабылып қалатын. Ешкім бұл істі қозғағысы келмейтін. «Бұл – біздің салт-дәстүріміз» деп салтқа жауып қояды. Қысқасын айтқанда, мұндай істер қалыпты жағдайға айналып кеткен еді. Енді Нұрайдан кейін көп нәрсе өзгеріп жатыр. Істің нүктесін сот қояды. Ары қарай қалай болатынын сот барысында көреміз.
Ер адамның әйел адамға күш қолдануы бойынша 99-бап, 2-бөлікті бұдан да қатаңдату керек деп ойлаймын. Өйткені ер мен әйелдің күші тең емес. Біздің жағдайда Нұрай өте әлсіз. Ол ер адамға қарсылық көрсете алмайды. Оны айыпталушы барынша қолданған. Аяусыз жарақат салған. Әлеуметтік желіде «оншақты рет пышақтаған» деп жазыпты, бірақ бұл нақты емес. Қанша мәрте пышақтағаны сот барысында анықталады.
Егер сот әділ өтіп, біздің талаптар орындалса, күдіктіден кейін тергеушіге іс қозғалуы керек. Қазір біз соған жұмыс істеп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, соттың әділ өтетініне сенеміз. Әділдік үшін біз де күресіп жүрміз. Қазір сот қандай шешім қабылдаса, сол қоғамның бейнесін көрсетеді.

Алғашқы сот отырысы қалай өтті?
Нұрай ісі бойынша алғашқы алдын ала тыңдау 21 шілдеге белгіленген. Бұл отырыста істі алқабилердің немесе кәсіби судьяның қарайтыны, процестің ашықтығы, тараптардың өтініштері мен негізгі сот талқылауының кестесі шешілуі керек болған. Алайда Шерхан Аймахан сот залына жеткізілмеді. Тергеу изоляторы оның денсаулығы нашарлап, дене қызуы көтерілгені туралы медициналық анықтама ұсынған. Осыған байланысты отырыс 23 шілдеге шегерілді. Соған қарамастан, тараптар алғашқы ұстанымдарын жариялап үлгерді: қорғаушылар істі алқабилерсіз қарауды, ал жәбірленуші тарап процесті барынша ашық өткізіп, интернет арқылы тікелей көрсетуді сұрады.
23 шілдеде алғашқы сот отырысы басталды. Осы отырыста прокурор айыптау актісін оқып, жоғарыда баяндалған үш эпизодты – некеге мәжбүрлеуді, сталкингті және аса қатыгездікпен адам өлтіруді сот алдында жариялады.
Судья сотталушыдан өзіне тағылған айыптарды түсінген-түсінбегенін және кінәсін мойындайтынын немесе мойындамайтынын сұрады. Сотталушы айыптарды мойындамайтынын айтты. Ол прокурор оқыған айыптау актісін түсінбегенін де мәлімдеген. Ш.Аймахан істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұрады. Сондай-ақ ол журналистердің қатысуы мен сот процесін онлайн көрсетуді қолдамаған.
Сот іс алқабилердің қатысуынсыз, кәсіби судьяның төрағалығымен қаралады деп шешті. Процесс ашық өтеді және журналистер сот залына кіріп, заңда белгіленген тәртіппен түсірілім жасай алады. Бірақ тараптардың бірі қарсы болғандықтан, тікелей онлайн трансляция жүргізілмейді. Судья бұл шешімді куәгерлердің бір-бірінің айғақтарын алдын ала естіп қоймауы қажеттігімен де түсіндірді.
Негізгі сот талқылауы бүгін, яғни 28 шілде күні сағат 10:00-ге белгіленді. Сот отырыстары аптасына екі рет өтеді. Келесі процесте қылмыстың қалай жасалғанын көрген куәгерлерден жауап алу жоспарланған.
Тұрсынбек БАШАР