Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 23 Қаңтар 2024

Лимит лажсыздық па, лайықты бастама ма?

Астана фк
Фото:

Жыл басында қазақ футболы бір дүрлігіп алды. Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов енді еліміздің премьер-лигасында легионерлер лимиті алып тасталатыны туралы айтты. Бұл жаңалық шын мәнінде 2023 жылдың 27 желтоқсанында ҚФФ атқару комитетінің отырысынан кейін жарияланады делінген еді, неліктен сәл кешіктірілгені белгісіз. Қалай дегенде де, осы бастама талай адамды әрі-сәрі күйге түсірді: құптағандар да, артын баққандар да, бірден өре түрегелгендер де аз болған жоқ.

Бұрынғы шектеу қандай еді?

Қазақстанның премьер-лига командалары бір мезетте алаңға 6 легионер шығара алатын, ойын барысында олардың саны осы алтыдан артпауға тиіс еді. Қалған бес ойыншы қазақстандық немесе соған теңестірілген ойыншылар болуға тиіс-ті. Былай айтқанда, бұл да өңі айналдырылған лимитсіздік болып шықты: алты легионер өз алдына, қалған бесеуді Еуразиялық одақтың өкілдері – ресейлік, беларусьтік, армениялық, қырғызстандық футболшылар толықтырып, өз балаларымызға орын бұйырмай қалған сәттер де аз кездескен жоқ.

Жаңа бастама, яғни легионерлер лимитін алып тастау бұрыннан бар нәрсенің бетіндегі бүркеуді шешу ме? Бәрменқұлов айтпақшы, лимитті алып тастаса, командаларда бәсекелестік күшейіп, әр футболшы орын үшін керемет таласа ма, яғни қазақстандық футболшылардың деңгейі өсе түсе ме? Әлде Беларусь пен Ресейден біздің жігіттерден еш айырмасы жоқ, қара көбейтетін, маусым сайын команда ауыстыратын футболшылар қаптай ма?

Бұл тұста бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Өткен жылы Еуразиялық одақ елдерінен келген ойыншылар Қазақстанда легионер санатына кірген жоқ. Биыл ше? Егер басқа шетел ойыншылары лимитсіздік жүйесін пайдаланып, негізгі құрамнан еркін орын табатын болса, қазақ футболшыларына қанша орын қалады? Қазіргі талап бойынша, қазақстандық клубтары маусымға 12 легионер, 13 қазақстандық футболшы тіркеуге құқылы. Яғни алаңға бір мезетте толықтай легионерлерді шығарып, содан кейін ғана ойын барысында қазақстандық футболшыларға алмастыруға да болады.

Бірақ мәселенің екі жағы бар. Бұрынғы лимит жағдайында да, жоғарыда атап өткеніміздей, клуб басшылары саңылау тауып отырды. Армения, Ресей, Беларусь, Қырғыз елінің футболшыларын құрамға еркін қосқаны өз алдына, қазақстандық футболшылардың сырттан өріс іздеуі мүлде жоғалып кеткендей болды. Әрине, бұрын да біздің футболшылардың шеттен несібе іздегені көп емес-ті. Жаңа бастама енді өз аяқдопшыларымызды да арамтамақ болудан тыя ма деп те ойлаймыз. Басқа елдің футболшылары бізге келіп ойнайды, ал біздің түлектер неге шетке кетуге көп тәуекел етпейді?

Бұл тұрғыдан келгенде, бірқатар жас футболшының Беларусьта айтарлықтай шыңдалғанын айтпай кетуге болмайды. Мысалы, Владислав Васильев кезінде «Оле Бразил» академиясында екінші лекте білім алды. Елге келген соң «Шахтер» сапында негізгі құрамға кейде ғана ілініп жүрді. Беларуське кетіп, «Энергетик-БГУ», «Динамо» (Брест) командаларында сақа футболшыға айналды. Сөйтіп, Қазақстан құрамасына енді. Кейінгі екі жылда ол елге оралып, қатарынан екі рет чемпион атанды. Қазір сәл басылып қалды, дегенмен оның сапалы футболшы болып қалыптасқанын ешкім жоққа шығармайды. Ислам Чесноков та осы санатта. Шығыс Қазақстан футболының түлегі «Алтайда» жүргенде ешкім назар аудармаған еді, Беларусьта «Белшина» сапында көзге түскен соң «Тобыл» шақырды. Қазір Ислам – ұлттық құраманың белді ойыншысы, «Тобылдың» Қазақстан кубогын жеңіп алуына еңбек сіңірген жартылай қорғаушы. Максим Митрофанов («Ислочь»), Тайыр Нұрсейітов, Әбинұр Нұрымбет («Энергетик-БГУ») сияқты ойыншыларды елде аса көп ешкім біле бермейтін. 2023 жылы осы жігіттер Беларусь асты, жоғары лигада жақсы көзге түсті. Тіпті Митрофанов 9 доп соғып, жергілікті лиганың мергендері қатарына кірді.

Міне, осылар сияқты қадау-қадау футболшыларды ғана атай алатынымыз өкінішті. Енді елде лимитсіздік жүйесі отандық футболшылардың өрісін тарылтпай, қайта бәсекені күшейте түссе, нұр үстіне нұр.

Мамандар не дейді?

Болат Есмағамбетов, Қазақстан құрамасының ардагері, жаттықтырушы:

- Менің ойымша, бұл бастама пайда әкелмейді. Легионерлер лимитін алып тастайтын болсақ, еңбекақы шегін белгілеуіміз керек. Әйтпесе, қазақстандық футболшылар жапа шегеді. Қазір Ресей премьер-лигасынан кейін қаржы ең көп құйылатын біріншілік – біздікі. Клубтар жақсы ақша төлеуге дайын, демек, біз жаққа еуропалық, латынамерикалық, ТМД-лық футболшылар назар аударуға ықыласты. Бұл қазақстандықтар үшін қиындық тудырады. Олардың шеберлігі мықты ойыншылармен бәсекеде оза шабуы қиын. Әсіресе жас футболшылар тығырыққа тірелгелі тұр. Сондай-ақ бұл бастама ақша жасыру мен бюджет қаржысын талан-таражға салуға жағдай туындатады. Ең алдымен біз балалар мен жасөспірімдер футболына, инфрақұрылымға және басқа да өзекті мәселелерге назар аударуымыз керек. Әлі де түйінді мәселелер көп. Өз басым елге әбден шаршаған футболшылар емес, сапалы легионерлер келеді деп үміттенемін. Олар өздеріне ұсынылған келісімшартты ақтауға дайын болуы керек.

Құралбек Ордабаев, ардагер футболшы, функционер:

- Бұл бастама ертеңгі күні ұлттық құрамаға кедергі болуы мүмкін. Құрама мүшелерінің ойын тәжірибесі аз болып қалмайтынына кім кепіл? Клубтар лимитсіздікті қуана қарсы алып, өз саясатын жүргізе беруі ықтимал. Бірақ құрама деңгейі жоғары болса, ұлттық чемпионат деңгейі де жоғары болатынын ұмытпауымыз керек. Ал «бірінші лига командаларында легионер болмайды» деген талапты ертерек енгізу керек еді. Бәрібір біз премьер-лига және ұлттық құрама сабақтастығын естен шығармауға тиіспіз.

Қалай дегенде де, жұрт пікірі сан-саққа жүгіріп тұр. Әзірше Қазақстан клубтарына ат басын бұрып жатқан легионерлерді кіл саңлақтар деуге де келмейді. «Астана» ганалық Осей Барнс, гвинеялық Осман Камара сияқты ойыншыларды қатарына тартты. Екеуі де соңғы маусымды «Динамо» (Тбилиси, Грузия) сапында өткізді. Жалпы Грузияның клубтық футболы Қазақстаннан жоғары бағаланбайды. «Қайратқа» қосылған И.Юлдашев (Өзбекстан), Г.Зариа (Грузия) сияқты футболшыларды да өз құрамасының серкесі деуге келмейді. Трансферлік кезеңде өте белсенді болып жатқан «Елім-айға» да посткеңестік елдердің өкілдері келді. Әзірше қаңтар айы аяқталған жоқ, әлі де күтуге тура келер. Қалай десек те, Қазақстан футбол федерациясының бастамасы қазақ футболы үшін оңды, я кереғар болатынын уақыт көрсетеді. Жаңа маусым 2 наурызда басталады. 21 наурызда Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекиямен сырт алаңда кездеседі. Міне, осы сәттерде легионерлер лимитінің нақты бағасын беруге алғышарттар да пайда болар.

Есей Жеңісұлы