Ливанда Израиль шабуылынан ондаған адам қаза тапты
9 мамыр күні Израильдің Ливан аумағына жасаған үздіксіз әуе соққылары салдарынан кемінде 39 адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері хабарлады.
Бұған жауап ретінде "Хезболла" Израильдің солтүстігіне және Ливанның оңтүстігіндегі Израиль әскері позицияларына зымырандар мен дрондар ұшырған.
Израильдің соңғы әуе шабуылдарының басым бөлігі Ливанның оңтүстігіне бағытталған. Израиль әскері Иран қолдайтын қарулы топтарға тиесілі инфрақұрылым мен нысандарды атқылағанын мәлімдеді.
АҚШ президенті Трамп 16 сәуір күні Израиль мен Ливан арасында атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын хабарлаған еді. Соған қарамастан Израиль мен "Хезболла" арасындағы шабуылдар тоқтаған жоқ.
Тараптар бір-бірін бітімді бұзды деп айыптап отыр.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ең ауыр соққылардың бірі елдің оңтүстігіндегі Сайда қаласына жақын орналасқан Айн-эд-Делб ауданында болған. Мұнда тұрғын үй ғимараты қирап, ондаған адам үйінді астында қалған.
«Хезболла» Израильдің соңғы шабуылдарына жауап ретінде Израильдің солтүстігіне дрондар жіберген. Сонымен қатар Ливанның оңтүстігіндегі Израиль әскерінің позициялары атқыланған.
Израиль әскері бұл шабуылдардан үш сарбаз жараланғанын хабарлады.
Қақтығыстың жаңа кезеңі
Израиль мен «Хезболла» 2024 жылдың қарашасында атысты тоқтату туралы келісім жасап, қақтығыстың алдыңғы кезеңін аяқтаған болатын. Алайда содан кейін де Израиль ара-тұра «Хезболлаға» қатысты нысандарға соққы жасап келді.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасап, Иран билігінің өкілдерін өлтіргеннен кейін, 2 наурызда «Хезболла» Израильге қарсы зымырандар мен дрондар ұшырды.
Бұған жауап ретінде Израиль Ливан аумағына жаппай әуе соққыларын бастады. Наурыз айының басында Израиль әскері қайтадан құрлық арқылы Ливанның оңтүстігіне кіріп, тұрғын аудандарды қиратқан және Ливан аумағындағы 10 шақырымдық белдеуді бақылауға алған.
Израиль билігінің мәліметінше, бұл операцияның мақсаты – елдің солтүстігін қорғау үшін «Хезболладан» тазартылған қауіпсіздік аймағын құру.
Кейбір аудандарда Израиль армиясы Газа секторындағы операцияларға ұқсас тәсілдермен тұтас ауылдарды жойған.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдары кейбір әрекеттер әскери қылмыс ретінде бағалануы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, соңғы бір апта ішінде Израиль шабуылдары салдарынан ел бойынша 120-дан астам адам қаза тапқан. Құрбандар арасында әйелдер мен балалар да бар.
Министрлік қаза тапқандарды әскери және бейбіт тұрғындар деп бөлмеген.
Жергілікті билік мәліметінше, наурыз айының басында қақтығыс қайта күшейгеннен бері Ливанда 2 795 адам қаза тапқан.
Өз кезегінде Израиль Ливанның оңтүстігіндегі операциялар барысында 17 сарбазынан айырылғанын хабарлады. Сонымен қатар Израильдің солтүстігіне жасалған шабуылдардан екі бейбіт тұрғын қаза тапқан.