Лукашенко оңбай қателесті
Сайлаудан кейінгі халық қарсылығы жағдайында Беларусь билігі мұндай сценарий алдын ала қанша жерден ойластырылған болса да, көптеген қателік жасап жатыр.
Республиканың үгіт-насихат саласында нақты із, идеология жоқ. Наразылықты басу үшін Светлана Тихановскаяны мәжбүрлі мәлімдемемен «сөйлеткені» тіпті үлкен қателік болды.
Тихановскаяның белорустарға жасаған екінші мәлімдемесі Лукашенконың тапсырысымен жасалғандай, халықты милицияға қарсы шықпауға шақырды. Көзі өткір көрермен ол видеодан Беларусь орталық сайлау комиссиясының басшысы Лидия Ермошинаның кабинетіндегі диван мен жалюзиді танып қойыпты. Тихановскаяны Литваға жөнелтер алдында орталық сайлау комиссиясында жеті сағат бойы күштеп ұстаған деседі. Видеоүндеу жасарының алдында Светлана Тихановскаяны балаларың мен күйеуіңді өлтіреміз деп қорқытқан сияқты. Оған шетелдегі балаларының видеосын, күйеуін түрмеде ұрып-соғып, шекесіне тапанша тақаған видеоны көрсеткен дейді әлеуметтік желілердегі жазбалар.
Ал елдегі наразылық пен қақтығыс әлі басылар емес. Наразылықты күштеп басқан күннің өзінде, оның салдары Лукашенкоға енді баяғыдай тыныштық бермейтіні анық.
Қырғыздың қашқын премьері Усенов – Урицкий
Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Усеновтің жұрт алдына шығуына байланысты Беларусь елшісінің қолына нота ұстатты.
Қырғыз тарапы елшілік өкілін сыртқы істер министрлігіне шақырып, «мұндай әрекеттер Қырғызстан мен Беларусь арасындағы достық қарым-қатынасты, өзара ынтымақтастықты дамытуға нұқсан келтіретінін» сыпайы түрде ескертті.
10 тамызда Беларусь орталық сайлау комиссиясы Александр Лукашенконың кезекті рет президенттік сайлауда жеңіске жеткенін жариялады (елдегі оппозицияның наразылығына пысқырған да жоқ). Сол күні-ақ Лукашенко Данияр Усенов басқаратын «Белорус ұлттық биотехнологиялық корпорациясы» агрокешеніне барады. Данияр Усенов аты-жөнін өзгертіп, бүгінде Даниил Урицкий болып жүр, өзі Беларусь азаматтығын алған. Ресми баспасөзге Усенов-Урицкий мен мемлекет басшысының бірге түскен суретінің жариялануына қырғызстандық дипломаттар, әрине, үлкен наразылық білдірді.
Данияр Усенов деген кім десек, ол 2010 жылғы революциядан кейін тағынан тайдырылған президент Құрманбек Бакиевпен «бір кемеде» болған адам, сол кездегі елдің премьер-министрі. Революция кезінде ол Беларусьқа қашып келді. 2013 жылы қырғыз соты оны қызмет бабын асыра пайдалану және жер заңдарын бұзғаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырған.
Айтпақшы, Беларусь билігі құлаған режимнің Усенов және тағы бірқатар жоғары шенді болған өкілдерін Қырғызстанға қайтарудан бас тартып келеді.