Лұқпан Ахмедияровтың Instagram парақшасы тағы бұғатталды
Журналист Лұқпан Ахмедияровтың Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунты қайта бұғатталды.
Бір күн бұрын ғана Meta компаниясы оның Facebook парақшасын қалпына келтіріп, кешірім сұраған болатын.
28 қазанда журналист Instagram желісінен аккаунтының бұғатталғаны және жойылуы мүмкін екені туралы хабарлама алғанын мәлімдеді.
Ахмедияров бұл шешімге шағым түсірген. Алайда әзірге оның парақшасы басқа қолданушыларға көрінбейді, ал журналистің өзі аккаунтына кіре алмай отыр.
Айта кетейік, 27 қазанда Meta компаниясы Лұқпан Ахмедияровтың бұған дейін бұғатталған Facebook аккаунтын қалпына келтіріп, журналистен кешірім сұраған еді.
Бұған дейін, 20 қазанда, оның Facebook парақшасы авторлық құқықтың бұзылғаны туралы шағымнан кейін бұғатталған болатын. Бұл жағдайды "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры да тіркеген.
Журналистің әлеуметтік желідегі парақшалары бұған дейін де бірнеше рет бұғатталған. Атап айтқанда, 2025 жылы оның "Просто журналистика" жобасының Instagram аккаунты жойылғаны хабарланған.
Әзірге Instagram әкімшілігі Ахмедияровтың аккаунтын қайта бұғаттау себебіне қатысты жария түсініктеме берген жоқ.
Лұқпан Ахмедияров – Қазақстандағы тәуелсіз журналистердің бірі. Ол бұған дейін де кәсіби қызметіне байланысты қысым көргенін бірнеше рет мәлімдеген.